Жұлдыз Сүлейменова қыркүйектен бастап мектептерде қандай өзгеріс болатынын айтты

2154

Биыл 380 мың бала мектеп табалдырығын аттайды.  

Жұлдыз Сүлейменова қыркүйектен бастап мектептерде қандай өзгеріс болатынын айтты Фото: primeminister.kz

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жаңа оқу жылынан бастап білім беру мазмұны бірқатар жаңа міндетті оқу курстарымен толықтырылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz  сайты.

Еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн оқушы білім алады. Биыл 380 мың бала бірінші сыныпқа қабылданбақ. 11-сыныпқа 227 мың оқушы көшті. Өткен оқу жылында 230 мыңнан астам оқушы мектеп бітірді.

"Оқу-ағарту министрлігі білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде Жаңа Конституция қағидаттарын кезең-кезеңімен енгізу бойынша кешенді жұмысты жүйелі түрде жүзеге асыруда. Қазіргі уақытта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары, үлгілік оқу жоспарлары және оқу бағдарламалары жаңа Конституция нормаларына сәйкес қайта қаралды", – деді ведомство басшысы Үкімет отырысында.

Жұлдыз Сүлейменова жаңа оқу жылынан бастап білім беру мазмұны бірқатар жаңа міндетті оқу курстарымен толықтырылатынын атап өтті.

"5-7-сынып оқушылары үшін "Конституция негіздері" пәні енгізіледі. 8-11-сыныптарда "Заң және Тәртіп" міндетті оқу курсы енгізіледі. Сонымен бірге 5-11-сынып оқушылары үшін "Жеке қауіпсіздік" міндетті оқу курсы енгізіледі. Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылып келген "Құқық негіздері" курсы барлық оқушылар үшін міндетті пәнге айналады және мазмұны Жаңа Конституция қағидаттарына сәйкестендірілді",  – деді ол.

Бұдан бөлек үлгілік оқу жоспарларының құрылымы оңтайландырылды. Оқушылардың барлық оқу пәндеріне толық қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қысқартылған үлгілік оқу жоспарлары алынып тасталды.

Бастауыш сыныптарда бағалау тәсілдері жаңартылды.

"Атап айтқанда, бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) алынып тасталды. Күнделікті (қалыптастырушы) бағалаудың рөлі күшейтілді. Диктанттар, мазмұндама, шығарма, жобалар, ауызша және практикалық жұмыстар секілді бағалау әдістерін мұғалім өзі таңдап, аралық бақылау формасы ретінде жүзеге асыратын болады", – деді Оқу-ағарту министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу