Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Павлодар облысына жұмыс сапары барысында өңірлік Тамыз педагогтер конференциясына қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жиын Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өтті. Оған Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер, ардагер ұстаздар және сала мамандары қатысты.
Конференцияда білім сапасын арттыру, адами капиталды дамыту, заманауи технологиялар мен жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Жұлдыз Сүлейменова Павлодар облысы оқушыларының, оның ішінде ауыл мектептері шәкірттерінің жоғары жетістіктерін атап өтті. Сонымен қатар балалардың құқықтарын қорғау және оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға жүйелі көңіл бөлу қажет екенін айтты.
Конференция барысында өңірдің бірқатар педагогі марапатталды.
Іс-шара аясында ұйымдастырылған цифрлық көрмеде білім беру ұйымдары заманауи техникалық шешімдері мен озық педагогикалық тәжірибелерін таныстырды.