Жұлдыз Сүлейменова PISA-2025 бойынша үздік нәтиже көрсеткен өңірлерді атады

352

Астана мен Солтүстік Қазақстан облысы үш бағыт бойынша да үздік үштікке енді.  

Жұлдыз Сүлейменова PISA-2025 бойынша үздік нәтиже көрсеткен өңірлерді атады Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі телеграм

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте PISA-2025 халықаралық зерттеуінің өңірлер бөлінісіндегі нәтижелері талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Министр зерттеудің негізгі үш бағыты бойынша жоғары нәтиже көрсеткен өңірлерді атады. Астана мен Солтүстік Қазақстан облысы жаратылыстану, математика және оқу сауаттылығы бойынша үздік үштікке кіріп, тұрақты нәтиже көрсеткен.

Жаратылыстану сауаттылығы бойынша алғашқы үштікті Солтүстік Қазақстан облысы, Астана және Қостанай облысы құрады.

Математикалық сауаттылық бойынша көш бастағандар – Жамбыл облысы, Астана және Солтүстік Қазақстан облысы.

Ал оқу сауаттылығы бойынша үздік нәтижені Астана көрсетсе, екінші орында Қостанай облысы, үшінші орында Солтүстік Қазақстан облысы тұр.

Осылайша, математикалық сауаттылық бойынша ең жоғары көрсеткіш Жамбыл облысына, жаратылыстану бойынша Солтүстік Қазақстан облысына, ал оқу сауаттылығы бойынша Астанаға тиесілі.

"PISA нәтижелерін жекелеген өңірлердің жетістігін бағалау ретінде ғана емес, ең алдымен білім сапасын одан әрі арттырудың құралы ретінде қарастыру қажет. Тұрақты жоғары нәтиже көрсетіп отырған өңірлердің тәжірибесін жан-жақты зерделеп, тиімді практикаларды айқындау және оларды тарату маңызды. Сонымен қатар нәтижелері жұмысты күшейтуді қажет ететін өңірлерге ерекше назар аударылуы тиіс", – деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.

Кеңес қорытындысында жауапты құрылымдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдарға PISA-2025 нәтижелерін өңірлер бөлінісінде талдап, білім беру нәтижелеріндегі айырмашылықтарды азайту бойынша шаралар әзірлеу тапсырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу