Жұлдызқұрттар жапырақтарды жаппай "жеп" жатыр

746

Бұл жағдай ауыл жұртшылығын алаңдатып отыр.

Жұлдызқұрттар жапырақтарды жаппай "жеп" жатыр

Павлодар облысына қарасты бірнеше ауылдың тұрғындары соңғы бір апта дересінде кейбір ағаштардағы жапырақтан түк қалмағанын байқап, дабыл қақты. Белгілі болғандай, бұл жапырақтардың басты "жауы" - жұлдызқұрттар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Павлодар облысының билігі жыл сайын жаңадан отырғызылған көшеттер көлемін көбейтіп келеді.

Айталық, жыл басынан бері тек орманшылықтардың өзі 1,4 млн дана қарағай көшетін отырғызды. Одан бөлек кәсіпорындар, аудан мен қала әкімдіктері ағаштың түр-түрін салуға жұмыла кірісуде.

Алайда осыдан бірнеше жыл бұрын осы бағытта жасалған жұмыс еш кетіп жатыр. Павлодар ауданындағы бірнеше ауылдың аумағында жайқалып тұрған ағаштардың жапырақсыз қалуы – соның бір айғағы. Бұл жолы оларға жұлдызқұрттардан зиян келіп жатыр.

"Біз жыл сайын жергілікті әкімдікке көшеттерді, ағаштарды күтіп-баптау бойынша ұсыныстарды да, шағымдарды да айтамыз. Кей кездері өзіміз суарып, бақылауға аламыз. Бірақ жақында пайда болған жұлдызқұрттардың салдарынан талдардың дені сүреңсіз күйге түсті. Жартысының жапырақтары шұрық-тесік. Кейбір ағаштарда мүлде қалған жоқ", – дейді аудан тұрғыны Светлана Рудиева.

Жаңаауыл орманшылығының қызметкері Валерий Зоричев те зиянкестің бұл түрі ағаштарды жалмап бара жатқанын айтты.

"Ертіс өзенінің жайылымындағы, жол жиегіндегі ағаштарды құрттардың жем қылғанына бір апта болып қалды. Бұған дейін жол бойындағы қайың, үйеңкі, шырғанақтарды жесе, енді қылқан жапырақты ағаштарға көшті. Бұрын-соңды мұндай жағдай болған емес", – дейді орманшы.

Дәл осы ауданда болмаса да, былтыр Железин ауданында осынай жағымсыз жайт орын алған еді. Жалпы зиянкестің бұл түрі 300-ге жуық өсімдікті аз уақыт аралығында жоқ қыла алады. Қайың, терек, емен сынды ағаштармен қатар өрік, алма көшеттеріне де залал келтіруі мүмкін. Бірақ өңірде оларға қарсы ешқандай шара жүргізіліп жатқан жоқ. Тек тексеру жұмыстарын жүргізумен шектеліп отыр.

"Әдентте зиянкестердің бұл түрі мамыр айында шығады. Егіс алқаптары мен ауыл шаруашылығы өнімдеріне келетін қауіп жоқ. Тек ағаштарды "жейді". Павлодар облысында жұпсыз жібекқұрттың еуропалық түрінің карантиндік емес жағдайы байқалып отыр. Оны ресейлік мамандар жүргізген сараптама да айғақтайды. Біз күн сайын шығып, аудандардағы жағдайды бақылауда ұст ап отырмыз. Осы уақытқа дейін Омбы жолының бойында орналасқан бірнеше ауылдардағы ағаштардың жапырақтарының 90 пайызын жалмап кетті", – дейді республикалық фитосанитарлық диагностика мен болжам орталығы филиалының өкілдері.

Ал аудан әкімдігі жағдайды саралап, қажетті шаралар қабылдау мүмкіндігін қарастыратынын мәлімдеді. Бірақ оған дейін құрттар қалған ағаштарды да жапырақсыз қалдыруы әбден мүмкін.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу