Түркістан облысы Отырар ауданындағы көшелердің бірінде қарсы бағытпен жүріп, полицейлерден "Жұмабектің бажасымын" деп құтылып кетпек болған тұрғынның видеосы желіде желдей ескені белгілі. Бұл тіркестің "вирусқа" айналғаны соншалық, "Жұмабектің бажасымын" деген ән жазылды. "Өнер барысына" қатысқан белгілі вайнер Мейіржан Төребеков лақап аты ретінде дәл осы тіркесті таңдап алды. Тізе берсек, бір-екі сөздің талай оқиғаға, қалжыңға айналғаны рас.
Сол сияқты Павлодар қаласының тұрғыны 1 сәуір – күлкі күні қалжыңдаймын деп басы бәлеге қалды. Ол мемлекеттік нөмірін алып тастап, оның орнына көліктің артқы жағына "Жұмабектің бажасымын" деп жазып алған. Сөйтіп, қаладағы орталық көшелердің бірі – Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының бойымен зуылдатқан. Бірақ жүргізушінің бұл әрекеті жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің көңіліне жақпай қалды. Сондықтан ВАЗ 2170 көлігінің иесі жауапқа тартылды.
"Көлік жүргізушісінің көтеріңкі көңіл-күйіне қарамастан оған Әкімшілік Кодекстің 590-бабы бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Ал көлігі айыппұл тұрағына қойылды", - дейді Павлодар қаласы полиция басқармасының бастығы Данияр Бек.
Ажар Дәулетова