Олар ресейлік "Маша және аю" мультсериалын стримингтік платформалардан алып тастауды сұрайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Депутаттардың бастамасы Netflix компаниясы мультсериалдың 2 жаңа маусымын сатып алып, оны әлемнің 100-ден астам елінде көрсету лицензиясын ұзартқаннан кейін көтеріліп отыр. Көрсетілім жоспарланған платформалардың қатарында Ұлыбританиядағы ITVX сервисі де бар.
Парламент мүшелерінің сөзінше, мультфильмнің жекелеген эпизодтарында кеңестік әскери символика мен үгіт-насихат элементтері кездеседі. Олар әсіресе екі көрініске назар аударған. Бірінде Маша танк экипажының дулығасына ұқсас бас киім кисе, екіншісінде НКВД қызметкерлерінің бас киіміне ұқсас қалпақпен бейнеленеді.
Хат авторларының пікірінше, мұндай көріністер балалар арасында кеңестік әскери рәміздерді қалыпты құбылыс ретінде қабылдауға ықпал етуі мүмкін.
Өз ұстанымдарын олар Украинаның Жалған ақпаратпен күрес орталығының тұжырымдарымен негіздейді. Орталықтың бағалауынша, "Маша және аю" тек ойын-сауыққа арналған туынды емес, Ресейдің мәдени ықпалын күшейтуге бағытталған "жұмсақ күш" құралы ретінде пайдаланылуы мүмкін. Сондай-ақ, мультфильмде өзге халықтардың мәдениеті мысқылға ұшырап, кеңестік символика мен милитаристік тақырыптар қалыпты дүние ретінде көрсетіледі деген пікір айтылған.
Ал мультфильмді шығаратын Animaccord студиясы бұл айыптаулармен келіспейді. Компанияның өкілі Мелани Бонвичино мұндай мәлімдемелерді "жалған ақпарат пен жала" деп бағалап, студия ешқандай мемлекеттік қаржыландыру алмайтынын мәлімдеді.