"Жұмсақ күштің" зардабы қатты тиеді

"Soft power" қазақстандық жастардың санасын улау процесін әлдеқашан бастаған. Шетелдік идеологияның алдын алуға біздің билік қауқарлы ма?

"Жұмсақ күштің" зардабы қатты тиеді Фото: freepik

Inbusiness.kz тілшісі "Жұмсақ күш" идеологиясы деген не, одан еліміз қаншалықты опық жеп отыр немесе оны оң бағытта пайдалана ала ма?" деген сұрақтарға жауап іздеді. 

Сондай-ақ, тақырыпқа терең үңілу үшін ғалымдардың пікірін топтастырды және кейіпкермен сөйлесіп көрді. 

"Жұмсақ күш" концепциясын бізге қалай қолданып жатыр?

Мысалы, жас ғалым Гауһарай Есімова әлемде қарусыз соғыстың басталғанына көп болғанын айтады. Жастардың өзге елдің мәдени үстемдігін өз елінің құндылықтарынан жоғары қоюына қатты алаңдайды.

- "Soft power" сөзін ағылшын тілінен аударатын болсақ, "жұмсақ күш" деген мағынаны білдіреді. Яғни, "жұмсақ күш" саясаты – әлемдік деңгейде белең алып жатқан құбылыстардың, жағдайлардың бірі. 

"Жұмсақ күш" концепциясының негізгі мәні – мәдени империализм терминімен мазмұндас, яғни алпауыт елдер немесе әлемдік деңгейдегі державалар өзге елдерді ешқандай қарудың көмегінсіз мәдениет арқылы, интеллектуалдық бағытта жаулап алуды көздейді. Демек, өз идеологияларын өзге ел тұрғындарының бойына сіңіреді. Мұндай оқиғалар біздің елімізде де көрініс табады. Атап айтатын болсақ, Жапония, Оңтүстік Корея, т.б. секілді технологиялық қарыштап дамыған елдерге жастарымыз көп ағылады. Ол елдер "жұмсақ күш" концепциясын бізге қалай қолданып жатыр? Мәселен,тілін, ұлттық құндылықтарын, киімін, менталитетін бейнелейтін телесериалөнімі арқылы корей ұлтына еліктейтін жастар тобы қалыптасты дей аламыз. Мысалы, кәрістердің іс-әрекетін қайталайтын, тілін оқуға құштар жастар көбейді. Олар өзге елдің мәдениетін бойына сіңіргені, яғни идеологияның сіңірткені соншалық сол елге барғысы келеді, сол елде тұрғысы келеді. Түрік сериалдарының да белгілі бір өз ықпалы тиді дей аламыз. Түрік мәдениетінен бөлек, түрік тілін үйрену білім саласымен де астасып жатыр. Мәдениетаралық байланыс, тұлғалардың өзін-өзі дамытуға деген күш салуы – қуанышты-ақ жаңалық. Алайда өзге елдің мәдени үстемдігін өз елінің құндылықтарынан жоғары қою – ұлтқа төнген қауіп десе болатындай, - дейді ол. 

"Елдің әлсіз салаларын ашып көрсететін жобаларға қаржылай көмек береді"

Аты-жөнін өзгертіп беруді өтінген азамат өзін "жұмсақ күштің" құрбаны емес екенін жеткізді. Десе де, қатарластарының бүгінгі күннің дертіне "шалдыққанын" растады. Қазіргі күнгі шетелдік гранттардың басым бөлігі идеологиялық мақсатпен бөлініп отырғаны рас. 

- Көбі "жұмсақ күштің" мықтылығын түсінбейді. Бұл – бүгінгі күннің дерті, адамды құлдық санаға алып келетіндей күшке ие. Мәселен, жеткіншектердің корейлік айдолдарға еліктеуі, т.б. бәрі – "жұмсақ күштің" жұрнақтары. Қазіргі таңда, кез келген елде гранттық жобалар көп. Алысқа бармай-ақ, өзімнің өмірімді айтайын. Мен ата-анамның қалтасына ауыртпашылық салмас үшін корей тілін үйрене бастадым. Мақсат – Оңтүстік Корея мемлекетіне грантқа түсу. Бұл – кәріс ұлты үшін үлкен жеңіс. Басқа ұлт өкілі олардың тілін үйренеді. Тіл үйрену барысында тарихымен, дәстүрімен, мәдениетімен танысады. Және кез келген ортада осы ел жайында жақсы жағын ғана айтады. Сондай-ақ, мен корей тілін білгенім үшін Корей фондының стипендиясын иелендім. Бұл – маған берілген үлкен мотивация. Әрі қарай тілді ең жоғары деңгейге жеткізуге ұмтыламын. Дәл осылай, таныстарым американдық жобаларға қатысады. Ол жобалар Қазақстанның ішкі саясатын, яки елдің әлсіз салаларын ашып көрсететін жобаларға қаржылай көмек береді. Олар қазақстандықтардың өсіп-өркендегенінқаламайтыны рас қой. Егер қаласа, тиын-тебен арқылы жобаға қолдау көрсетпейді. Олар үшін болар-болмас қаржы арқылы бір елдің ахуалын біліп алады. Қазір жастардың көбі – "жұмсақ күштің" құрбаны. Тіпті, отбасын асырау үшін гүл теруге шет аймаққа кеткендерді есепке алуға болады. Бірақ,мұны еліміздің де қателігі деп есептеймін, - дейді Ақсұңқар Азаматұлы (аты-жөні өзгертілген).

Қазақстанның "жұмсақ күші" бар ма?

Жас ғалым Гауһарай Аманғалиқызы "жұмсақ күш" ықпалының шетелдік тараптың Қазақстанға әсерінен соң, "еліміздің "жұмсақ күші" кім немесе ол қалай өрбіп жатыр?" деген сұрақтарға да жауап берді. 

- Қазіргі күні әлемдік деңгейдегі аты аңызға айналған әнші Димаш Құдайберген арқылы шетелдіктер қазақ тілін үйреніп жатыр. Өнерге деген құрметтің нәтижесінде елімізге арнайы келіп әнін тыңдайтын, Димаш арқылы қазақтың салт-дәстүрлеріне қызығатын, ұлттық тағамдармен таныс шетелдік тыңдармандар шоғыры қалыптасты. Яғни, біз "жұмсақ күш" идеологиясы қазіргідей әлемдік ақпарат майданында өзекті болып тұрған шақта оны өз ықпалымызға, оң сипатта, жағымды әсерде қолдануымызға болады. 

Дегенмен, "жұмсақ күш" концепциясының өзге елдің тарапынан келуі жастарымыздың елімізге деген патриоттық сезімін төмендетеді. Бұл жағдайда балансты сақтау – өте маңызды. Менің айтқым келетіні, біз көбіне экономика немесе саясат деп басымдықты соларға беріп жатырмыз. Бір уақытта "Рухани жаңғыру" бағдарламасы қолға алынды. Бірақ, ол түпкі мақсатына жете алды деп ойламаймын. Сондықтан, біз экономика, саясат, т.б. бағыттарда өз ықпалымызды күшейткіміз келсе, ұлттық идеологияға мән беруіміз керек. Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жағдайы нашарлаған Жапония елін сол кездегі басшылары экономикалық өрлеуге, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған іс-шараларды жүргізді. Сол кезде олар ең бірінші басымдықты идеологияға берді, - деп жалғастырды жас ғалым. 

"Мәдени империализм" – қысым көрсету, сананы улау..."

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ұлболсын Есенбекова "мәдени имперализм" құралдары бүгінде шетелдік идеологтардың ықпалымен жүзеге асып жатқанын айтады. 

- Герберт Шиллер ақпараттық және коммуникациялық салада Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін үлкен өзгерістер болатынын он жыл бойы болжап келді. Өзінің "Коммуникация және мәдени үстемділік" деген кітабында Шиллер БАҚ, оның ішінде, коммерциялық БАҚ-тар "әлемдік капиталистік жүйенің" ең басты идеологиялық күшейткіші (рупоры) екенін айтады. Осы үстемділіктің формаларын түсінікті етіп суреттеу үшін Шиллер "мәдени империализм" деген түсінік енгізеді, "мәдениет арқылы бағындыру, басып алу" деген мағынада. Ғалымның айтуынша, "мәдени империализм" дегеніміз – "билік құрушы элитаның қысым көрсету, күштің көмегімен, адамдардың санасын улау арқылы өзіне қажетті қоғамның моделін жасауға бағытталған құралы". Міне, осындай "мәдени имперализм" құралдары бүгінде шетелдік идеологтардың ықпалымен жүзеге асып жатыр. Оны еліміздегі түрлі мысалдармен айқындай түсуге болады, - дейді ол.

Қауіптің қайдан, қалай келетінін ешкім білмеуі де мүмкін. Бірақ, қазіргі күні сарапшылар ақпараттық шабуыл мен "жұмсақ күштің" зардабын сезетін, сезінетін, бағамдай алатын және одан қорғана алатын мамандар бар екенін айтады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу