Жұмыртқа неге қымбаттаған?

830

Тауықтың жұмыртқасының бағасы 22 пайызға, күнбағыс майы бағасы 18 пайызға өскен.

Жұмыртқа неге қымбаттаған? Фото: inbusiness.kz

Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық кеңес отырысында жұмыртқа мен күнбағыс майының бағасын тұрақтандыру мәселесі талқыланды, деп хабарлайды  inbusiness.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Елорданың қоғамдық кеңес отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақты ұстау мәселесі қаралды. Нұр-Сұлтан қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмырзаевтың айтуынша, соңғы кезде екі бірдей әлеуметтік маңызы бар тауардың бағасы шектен асып кеткен. Осы бағаны тұрақтандыру үшін әкімдік жаңа шекті бағаны бекітуді ұсынды.

"Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларға шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағаларының мөлшерін бекіту туралы қаулы жобасын ұсынып отырмыз. Бұл жоба сауда қызметін реттеу туралы ҚР заңының шеңберінде әзірленді. Оған сәйкес жергілікті атқарушы орган құзыретінде аймақтық шекті рұқсат етілген сауда бағаларының мөлшерін бекіту кіреді. Шекті мәндер 15 пайыздан асқан кезде және бөлшек сауда бағалары бір уақытта 30 күн ішінде 30 пайызға өскен кезде қала әкімдігі рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағаларын белгілеуге тиіс", - деді басқарма басшысы.

Ол, сондай-ақ, мұндай қадамға баруға жұмыртқа мен күнбағыс майының шектен тыс қымбаттауы себеп болғанын атады.

"Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің екі позициясы бойынша шекті мәннен асып кетуі байқалуда. Тауықтың жұмыртқасы 22 пайызға, күнбағыс майы 18 пайызға өсті. Тұрақтандыру тетіктерін екі өнімге шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағаларын бекіту туралы шешім қабылданды. Шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағасын бекіту тәртібі шекті және шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағаларын белгілеу қағидаттарының үшінші бөлімінде регламенттелген", - дейді Ерлан Бекмырзаев.

Қоғамдық кеңес өкілдерінің жұмыртқаның қымбаттау себептері қандай деген сауалына әкімдік өкілі былтыр жаздағы құс тұмауы басты себеп деп жауап қатты.

"Қазақстандағы барлық өңірде тауық жұмыртқасы бағасының қымбаттағаны байқалып отыр. Ең негізгі себебі былтыр, құс тұмауынан тауық қырылды. Ауруды одан әрі тартатпау үшін миллиондаған тауықты заласыздандырып жоюға жіберді. Екіншіден жем бағасы қымбаттады. Үшінші себеп маусымдық қымбаттау. Негізгі себептері осылар. Жемнің қымбаттауы. Үшінші себеп маусымдық тенденция. Негізгі себептер осылар", - дейді басқарма басшысы.

Қоғамдық кеңес өкілдері соңғы кезде кәсіпкерлер арасында былтырғы құс тұмауын сылтауратып, бағаны қайта-қайта көтеру белең алып тұрғанын ескертіп, жем қымбаттады деген мәселені де тыңғылықты зерделеуді ұсынды. Астанаға іргелес жатқан өңірлердің әкімдіктері құс тұмауынан зардап шеккен өндірушілерді түрлі тетіктер арқылы қолдау арқылы жұмыртқа бағасын тұрақты ұстап тұрғанын еске салып, бағаны негізсіз өсіргендердің мәселесін қатаң қарап, шара қолдануды сұрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу