Жұмыртқадан тапшылық болмай ма?

Өнімнің Ресейге экспортталуы кей тұтынушылардың алаңдаушылығын тудырып отыр. 

Жұмыртқадан тапшылық болмай ма? Фото: inbusiness.kz

Осыдан біраз уақыт бұрын көршілес мемлекет өз елінде жұмыртқаның азая бастағанын алға тартып, Қазақстаннан өнімді экспорттауды сұраған-ды. Бұдан кейін, біздің кейбір өңірде дүрбелең болып, бірқатар дүкенде жұмыртқа адам басына 10 данадан ғана сатыла бастады. Алайда, Ауыл шаруашылығы министрі мұндай алаңдаушылыққа негіз жоқ екенін алға тартады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Бүгінде, Қазақстан жалпы қажеттіліктен 2%-ға артық өнім шығарып отыр. Биыл, өнімділікті одан да асыру жоспарда бар. Сондықтан, өнімді экспорттағанның өзінде тапшылық туындамауы тиіс. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин осындай тұжырым жасады. Айтуынша, қазіргі уақытта жұмыртқа өндірумен айналысатын 10 отандық құс фабрикасының салынуы экспорттық әлеуетті тіпті асыра түседі. Бұл бағыттағы шаруашылықтарға қолдаудың жаңа түрі де көрсетілмек. Жұмыртқа өндіретін фабрикасы мүлде жоқ аймақта осы бағыттағы бизнесті бастауды көздейтін кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан 25% көлемінде инвестициялық сусбидия бөлінеді.

"Оған қоса, біздің елде жұмыртқа өндіретін қор бар. Ішкі нарықты өнімнің бұл түрімен қамтуды қиындық туындай қалса, қазір жұмысы тұралап тұрған бес құс фабрикасын қайта іске қосуға болады", - деді Аманғали Бердалин.

Айта кетейік, бүгінде Павлодар облысында да "Қызылжар-Құс" фабрикасының жұмысы тоқтап тұр. Осыдан бірнеше жыл бұрын жарты жылдық жаңғырту жұмыстарына жабылған кәсіпорындағы өндіріс әлі жанданған жоқ. Бірақ аталмыш шаруашылық құс етін өндірумен айналысатын-ды. Ал өңірде жұмыртқа шығаратын екі фабриканың ісінде әзірше іркіліс жоқ. Былтыр "Павлодар-Құс" және "Шарбақты-Құс" кәсіпорындары барлығы 212 млн данадан астам жұмыртқаны нарыққа жөнелтті. Ал облыс тұтынушыларының жылдық сұранысы – 200 млн дана. Демек, аймақта сұраныстан артық көлемде өнім дайындалады.

"Павлодар облысының сауда орындарында жұмыртқа жеткілікті. Айына орта есеппен 16,67 млн дана жұмыртқа керек десек, жергілікті екі кәсіпорын бұл сұранысты толығымен қамтамасыз етеді. Өткен жылы Ауғанстанға 3,8 млн дана өнім экспорттаған да еді", - деп түсіндірді Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы, Төлеген Көшербаев.

Қазіргі таңда, сауда орындарында жұмыртқаның 10 данасы санатына қарай 550-650 теңге аралығында тұрады. Былтыр оның бағасы 9,2%-ға қымбаттаған-ды. Баға саясатына жауапты кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мұны фабрикалардағы шығынның артуына байланысты босату құнына бес теңгенің қосылуымен түсіндірді. Ал әзірше баға өсімі болмауы тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу