Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік қызметшілер Aitu мессенджерін күнделікті пайдалануы тиіс екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Келесі мәселе – Aitu мессенджері. Қазір ахуал қалай болып жатыр?", – деп сұрады Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Жасанды интеллект жəне цифрлық даму министрі Жаслан Мəдиев бүгінде Aitu-ға 7 млн-ға жуық адам тіркелгенін айтты.
"Aitu сервистерін айына 1,3 млн, ал күніне 350 мыңға дейін адам пайдаланады. Баяндамамда айтып кеткендей, Aitu-ды пайдаланған кезде мобильді интернет үшін ақы алынбайды. Ал қазір eGov GPT Aitu платформасында қолжетімді, сол арқылы 55 мемлекеттік қызметті Aitu-дан тікелей алуға болады. Осы жылдың соңына дейін eGov-тағы сұраныстың 75-80 пайызын қамтитын қызметтерді Aitu-ға қосуды жоспарлап отырмыз. Мемлекеттік органдар мен "Самұрық-Қазына" компаниялары Aitu Workspace жүйесін күнделікті жұмысына енгізіп жатыр", – деді ведомство басшысы.
"Меніңше, бұл бағыттағы жұмыс баяу жүріп жатыр. Тездету керек. Aitu жай мессенджер емес, оның төңірегінде жалпыұлттық экожүйе құруымыз қажет. Бұл бағытта белсендірек жұмыс жасаңыздар. Әсіресе, мемлекеттік қызметшілер Aitu мессенджерін күнделікті пайдалануы керек. Қызметтік ақпаратты тек қана осы ұлттық мессенджер арқылы жіберуге болады. Оны қатаң бақылауға алу керек", – деді Премьер-министр.
Айта кету керек, бұған дейін Бектенов киберқауіпсіздікті күшейтуді тапсырғанын жазғанбыз.