Жұмыс берушілердің Міндетті медициналық сақтандыру қорына (ММСҚ) жарнамасы 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 1%-ды құрап, 2022 жылға қарай 3%-ға жеткізіледі. Бұл туралы денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау вице-министрі Елжан Біртанов мәлім етті, деп хабарлайды LS.
Денсаулық сақтау министрлігі мамандары "Денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласының кейбір мәселелері жөніндегі ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына жаңа түзетулер ұсынып отыр.
Біртановтың айтуынша, қорға төлем жүргізуге жатқызылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс кіргізетін жеке кәсіпкерлердің, нотариустардың, жеке нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың, жеке тұлғалардың жарнасы 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 5%-ды құрайтын болады.
Сонымен қатар тұрақты мекендеуге көшетіндерді қоспағанда, тысқары елдерге уақытша кеткен Қазақстан азаматтары 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақының 5%-ын төлейтін болады.
Ол сондай-ақ заң жобасына енгізілген түзетулерге сәйкес, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет әлеуметтік жағдайы төмен халыққа ең төменгі жалақының 3,75%-ын, 2018 жылдан – 4%, 2023 жылдан бастап 6%-ын төлейтін болады.