Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының мөлшері артты

328

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының (ЖМЗЖ) мөлшерлемесі қызметкер табысының 3,5 пайызына дейін ұлғайтылды. 

Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының мөлшері артты Фото: gov.kz

Бұл көрсеткіш жыл сайын кезең-кезеңімен өсіп келеді: 2024 жылы – 1,5%, 2025 жылы – 2,5%, 2026 жылы – 3,5%, 2027 жылы – 4,5%, ал 2028 жылы 5%-ға жетеді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Еске салсақ, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық жұмыс берушілер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өз қызметкерлерінің пайдасына міндетті зейнетақы жарналарын аударуға міндеттелді. Осылайша халықаралық тәжірибе ескеріле отырып, Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі жұмыс берушінің қатысуымен жүзеге асырылатын жаңа құрамдас бөліктен толықты.

ЖМЗЖ енгізу 1975 жылы және одан кейін туған азаматтардың зейнетақымен қамсыздандырылуын жақсартуға бағытталған. Себебі бұл санаттағы азаматтардың басым бөлігінде ынтымақты зейнетақы алу үшін қажетті 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі жоқ немесе өте аз. Болашақта олардың зейнетақысы үш көзден қалыптасады: мемлекеттен төленетін базалық зейнетақы, қызметкердің міндетті зейнетақы жарналары есебінен жинақталатын төлемдер және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары негізінде қалыптасатын шартты-жинақтаушы зейнетақы.

Сонымен қатар бірқатар азаматтар үшін ЖМЗЖ төлеу міндеті қарастырылмаған. Атап айтқанда, 1975 жылғы 1 қаңтарға дейін туған адамдар, зейнет жасына жеткен азаматтар, I және II топтағы мерзімсіз мүгедектігі бар тұлғалар, әскери қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар бұл жарнаны төлеуден босатылады. ЖМЗЖ-ның уақытылы әрі толық аударылуын бақылау Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне жүктелген.

ЖМЗЖ есебінен төленетін зейнетақы төлемдері өмір бойына жүзеге асырылады. Алайда зейнетақы алушы шетелге тұрақты тұруға көшкен немесе Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан жағдайда бұл төлемдер тоқтатылады. Мұндай кезде азамат тек өзінің жеке зейнетақы шотында жинақталған қаражатты ғана ала алады, ал жұмыс беруші аударған жарналар БЖЗҚ-да қалады. Себебі бұл қаражат салымшының жеке меншігі болып саналмайды және шартты зейнетақы шоттарына есептеледі. Осыған байланысты ЖМЗЖ есебінен қалыптасқан жинақтар мұраға қалдырылмайды және зейнетақы төлемдерін тарату қағидаты бойынша жүзеге асыруға бағытталады.

Бұған дейін сарапшылар ЖМЗЖ арқылы жиналған қаражатты салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына аудару, сондай-ақ жасына қарамастан барлық қызметкерлерді осы жүйемен қамту жөнінде ұсыныстар айтқан болатын. Қазіргі таңда бұл бастамалар талқылау сатысында тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу