Жұмыс істеуден бас тартқандар үшін жазаны күшейту ұсынылды

460

Әлеуметтік төлемдер әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. 

Жұмыс істеуден бас тартқандар үшін жазаны күшейту ұсынылды Фото: nazarmedia.kz

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев жұмыссыз жүрген адамдардың өтемақысына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бір сақманның өзіне фермерлер қаншама адам таба алмай жатады. Қаншама жұмыс дайын тұр, вакансиялар бар. Бірақ ауданда жұмыссыз деп тіркеліп, мемлекеттен көмек алып отырғандар бар. Біз енді ауылдық тұрғындарды жалпы жұмыссыз деп есептеу қаншалықты орынды? Иә, егер мүгедектігі бар азаматтар болса, жұмыс істеуге ешқандай мүмкіндігі болмаса, көпбалалы болса – онда түсінікті. Бірақ он екі мүшесі сау, жұмыс істей алатын азаматтар өтемақыға отырып алған. Жұмыс көп, ешкім бармайды. Бізге бұл жалқаулықты, теріс дүниені насихаттамай ма деген сұрақтар қояды. "Ауыл аманаты" бойынша биыл 100 млрд-тың 5 млрд-ы берілген деген ақпарат алдым. 95 млрд теңгесі берілмеген. Шын мәнінде, осындай өтемақының орнына біз шағын несие беріп, адамдардың кәсіпгерлікпен айналысуына неге мүмкіндік бермейміз? Екіншіден, жұмыссыздық бойынша төленетін өтемақының ары қарай саясаты қалай болмақ?", - деді Анас Баққожаев.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, әлеуметтік төлемдер әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді.

"Егер азамат жұмысын жоғалтып, жұмыссыз отырған кезде алты ай ғана төленеді. Басқа азаматтарға өтемақы төленбейді. Республикалық бюджеттен ондай төлемдер жоқ. Біздің көрмеде көрдіңіздер, Солтүстік Қазақстандағы Сергеевка ауылына "сварщик керек, еңбекақысы 600 мың теңге" дейді. Сондай жерге бармай жатқан азаматтар бар. Бұл жанұядан басталады. Баланың еңбекке деген ынтасын жанұяда беруіміз керек. Қытайлардың жанұяларына қарсаңыздар, балалар қазір екі ауысымда оқиды, мектепте ұйықтайды екен. Жас кезінен бастап жұмысқа үйренген. "Жұмысқа шығыңыз, сізге 300 мың теңге береді" дегенде біліктілігі, білімі жоқ азаматтар 800 мың теңге сұрайды. Жалпы айтқанда, барлық құндылықтар жоғалып бара жатыр. Мұны тек тәрбиелік, идеологиялық тұрғыдан реттеу жеткіліксіз, оны заңнамалық түрде реттеу қажет", - деді ведомство басшысы.

Министр адам жұмыстан бас тарқан жағдайларда заңнаманы күшейтуді ұсынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу