Мұнда қатысушылар цифрлық және жұмысшы мамандықтарын оқып, сертификат алады. Осы уақытқа дейін қатысушылардың бір бөлігі техникалық мамандықтарды игерсе, енді бір бөлігі цифрлық саланың тілін меңгеріп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Солардың бірі – елордалық 30 жастағы Абылбек Садықов. Ол біраз уақыт құрылыста жұмыс істеген. Алайда кейін қысқартылып, жұмыссыз қалған.
"Бір күні көшеде кетіп бара жатып осы жоба туралы жарнамаға көзіме түсті. Содан қаладағы "Баршаға мүмкіндік" модульдік пунктерінің біріне барып, дәнекерлеуші саласы бойынша тегін оқыту курсына жазылдым. Қаңтар айының ортасынан кейін жазылдым, ал оқыту ақпан айының бас кезінде басталды", - деді Абылбек Нұрсейітұлы.
Оның айтуынша, бір айдың ішінде бұл мамандықты меңгеріп шыққан. Себебі сабақ күн сайын өткендігін айтады.
"Оқыту курсы бір ай болды. Курс барысында көптеген сұраққа жауап алдық. Барлық нәрсені тәжірибе жүзінде көрсетіп, үйретті. Топта адам көп емес. Сабақтар өте қызықты және мазмұнды өтті", - деді қатысушы.
Қазіргі кезде ол қаладағы зауыттардың бірінде дәнекерлеуші болып жұмыс істейді.
"Бұл жобаның көпке тигізер пайдасы мол. Себебі "JolTap" арқылы әр адам жаңа мамандық игере алады, болмаса біліктілігін арттырады. Бастысы жұмыс істеймін деген әр адамға бұл жақсы мүмкіндік", - деді Абылбек Садықов.
Талай адамға мүмкіндік беріп, жұмыс істеуге жағдай жасаған бұл жоба Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен жүзеге асып отыр. Жобаға 18-50 жас аралығындағы кез келген елордалық қатыса алады. Негізгі мақсат – астаналықтардың табысын арттыруға жағдай жасау, сол арқылы елордалықтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды жолға қою.