"Жұмыс істеп жүрген зейнеткерлерге зейнетақы төленбеуі мүмкін" – министр нақты жауап берді

Министр бір апта бұрынғы сөзінің бұрмаланғанын айтты. 

"Жұмыс істеп жүрген зейнеткерлерге зейнетақы төленбеуі мүмкін" – министр нақты жауап берді Фото: primeminister.kz

Бұған дейін отандық БАҚ-та "зейнетке шыққан, бірақ жұмыс істеп жүрген азаматтарға зейнетақы тоқтатылуы мүмкін" деген ақпарат тараған болатын.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова аталған мәселеге нақты жауап берді, хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Өткен жұмада Еңбек ресурстарын дамыту орталығында БАҚ өкілдерімен бейресми кездесу өткіздім. Бұл сауал сол кездесуде қойылды, бірақ менің жауабымнан контексті жұлып алған. Мен зейнетке шығудың 2 тәсілі барын, яғни ерте мен кеш шығу және бұл әзірге ұсыныс екенін айттым. Бұл ұсыныс қазір зейнетақы алып отырған азаматтарға ешқандай кедергі келтірмейді. Олар қалай зейнетақысын алды, қалай жұмыс істеп отыр, солай әрі қарай жалғаса береді", - деді ол Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Министрдің мәліметінше, бұл – әлі ұсыныс. Яғни, Үкіметтің қарауына енгізілмеген. Светлана Жақыпова еңбек нарығына келген 300 мың жасқа жұмыс орындары үшін осылай болжам жасағанын, сосын барып сарапшылардың ұсыныс бергенін айтты.

Яғни, ерте зейнеткер болғысы келетін азаматтардың еңбек өтілі 25 жылдан кем болмауы тиіс. Сондай-ақ, 25 жыл бойы зейнетақы қорына аударымы болуы шарт. Сол уақытта ғана олар зейнет жасын күтпей-ақ зейнетке шығуға мүмкіндік алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу