"Жұмыс қарқыны баяу": Олжас Бектенов кей өңірдегі мектеп жөндеу жұмыстарын сынға алды

621

Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды.    

"Жұмыс қарқыны баяу": Олжас Бектенов кей өңірдегі мектеп жөндеу жұмыстарын сынға алды Фото: Үкімет

1 қыркүйекте 47 жаңа мектеп ашылады. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz  сайты.

"1 қыркүйекте 47 жаңа мектеп, оның ішінде "Келешек мектептері" жобасы аясында 20 мектеп ашылады. Өңір әкімдіктері оқу жылының басталуына қарай олардың толық функционалдық дайындығын қамтамасыз етсін. Үш ауысымды оқыту және оқушы орындарының тапшылығы мәселелерін шешуде оң үрдіс бар. Өңірлер 2026 жылдың соңына дейін тағы 64 мектептің құрылысын аяқтауы қажет. Оларды педагог мамандармен және оқу-техникалық базамен қамтамасыз ету мәселелерін қазірден шешу керек", – деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов 1 қыркүйекке дейін елдегі 106 мектепте күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталуға тиіс екенін баса айтты.

"Бірқатар өңірлерде 13 мектеп бойынша жұмыс қарқыны баяу екенін атап өтемін. Олардың қатарында Алматы қаласы, Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан және басқа да облыстар бар. Аталған өңір әкімдеріне жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталуын тікелей бақылауға алуды тапсырамын", – деп атап өтті Премьер-министр Үкімет отырысында.

Бұдан бөлек, жаңа оқу жылына дейін физика, химия, биология, робототехника бойынша 500 пәндік кабинетті сатып алуды қамтамасыз ету қажеттігі туралы да айтылды.

"Жалпы, жыл соңына дейін еліміздің мектептерінде барлығы 1400-ден астам арнайы кабинет орнату керек. Бірқатар өңірлер 
тез арада қаржыландыру мәселесін шешуге тиіс. Бірінші кезекте, Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Ұлытау және Ақмола облыстары аталған мәселеге назар аударыңыздар. Кабинеттерге қажетті жабдықтарды жылдам сатып алу үшін барлық рәсімдерді тездетуді тапсырамын", – деді Олжас Бектенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу