Сапар аясында Арнаулы өкіл Ержан Қазыхан Ауғанстанның қазіргі әкімшілігінің өкілдері Абдул Ғани Барадармен және Амир Хан Мутаккимен кездесулер өткізді.
Кездесулер барысында Қазақстанның ауған халқына көрсетіп жатқан гуманитарлық көмегі мен сауда-экономикалық байланыстарды қалпына келтіру мәселелері талқыланды.
Еліміздің делегациясының басшысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өкімімен Ауғанстанға гуманитарлық көмек ретінде 5 мың тонна ұн жеткізілгенін атап өтті. Сондай-ақ Ержан Қазыхан Қазақстанның ауған тарапына отандық "QazVac" вакцинасын беру туралы ұсынысын жеткізді.
Арнаулы өкіл Қазақстанның БҰҰ агенттіктерімен бірлесіп, Ауғанстан халқына жеткізілетін гуманитарлық көмекті одан әрі кеңейту мақсатында қабылдап жатқан шаралары туралы айтты.
Ауған тарапы көрсетілген гуманитарлық көмек үшін алғыс білдіріп, Ауғанстанды қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күш-жігерге еліміздің елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.
Тараптар дәстүрлі сауда-экономикалық байланыстарды қалпына келтіруге және ауған студенттері үшін Қазақстанда білім беру бағдарламаларын жалғастыруға қызығушылық танытты. Ауған тарапы қазақстандық вакцинаны жеткізу туралы ұсынысты да зор ықыласпен қабылдады.
Сонымен қатар Ержан Қазыхан БҰҰ Бас хатшысының Арнаулы өкілі, БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдем беру жөніндегі миссиясының басшысы Дебора Лайонспен кездесті. Кездесуде осы елдегі гуманитарлық және азық-түлік дағдарысын еңсеруде Қазақстан мен БҰҰ-ның өзара ынтымақтастығын кеңейту мәселелері қарастырылды.