Өрт салдарынан ондаған мың кітап өртеніп кеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Көкшетау қаласында жарты миллиард теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген облыстың бас кітапханасы өртенді. Абырой болғанда, жұмысына ерте келген кіші қызметкер кітап қорының жартысы мен сирек кездесетін көшірмелерді тілсіз жаудан қорғап қалған.
Өрт таңертеңгісін ғимараттың бірінші қабатында басталған. Алдымен кітап сөресінің жанғаны айтылады. Тілсіз жау кезінде ғимаратта шамамен 70 мың том кітап сақталған. Оқыс оқиғадан ондаған мың кітап өртенсе де, кіші қызметкердің уақытында байқауынан сирек кездесетін қолжазбалар аман қалды. Қызметкердің жұмысқа сол күні ерте келгені өртті ерте ауыздықтауға көмектескен. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
– Жоғары, үшінші рангті шақырту бойынша күштер оқиға орнына жіберілді. Өрт 50 минут ішінде сөндірілді. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің пайда болу себебін анықтау үшін зерттеу сынақ зертханасы тағайындалды, – деді Ақмола облысы ТЖД ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.
Ғимараттың желтоқсан айының ортасында ғана күрделі жөндеуден өткені белгілі болып отыр. Сондықтан, көпшіліктің құрылыс сапасына деген күмәні де ашық айтылуда.