Жұмысқа қарт министр жүйрік пе, жас министр жүйрік пе?

2151

Министрлердің жас ерекшелігіне байланысты зерттеу жүргізген Ranking.kz егде жастағы министрлер көбіне Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде кездесетінін айтады.

Жұмысқа қарт министр жүйрік пе, жас министр жүйрік пе?

Қарт министрлері көп елдердің қатарында Қазақстан да бар. Еліміздегі министрлердің орташа жасы – 48.

Зерттеуге үңілсек, биылғы жылдың алғашқы айындағы көрсеткіш бойынша, Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі министрлердің орташа жасы 49,2-ні құраған.

Соның ішінде ең жасы Арменияның министрлері екен. Олардың орташа жасы – 45,3. Ал ең жасамысы – Ресейдің министрлері. Мұндағы орташа жас көрсеткіші 52,2 жасты құрайды. Қазақстан болса, жас мөлшері жағынан рейтингтің ортасынан көрінген. 

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ішінде ең қарт министр Ресейде жұмыс істейді. Ол – осы елдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, оның жасы жетпістен асқан. Ал ең жас министр – Арменияның Әділет министрі, 30 жастағы Рустам Бадасян.
Еске сала кетсек, министрлік – белгілі бір саланы басқаратын орталық атқару органдары. Қазақстандағы министрлерді  тағайындайтын да, орнынан алып тастайтын да – Президент. 

Қазіргі таңда елімізде 18 министрлік бар. Министрлердің ішінде жасы ең үлкені – Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев. Екеуінің де жасы 58-де. 

Министрлер кабинетінің ең жас мүшелері: Ұлттық экономиканың су жаңа министрі Әсет Ерғалиев (33 жаста), ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин (37 жаста) мен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов (38 жаста).

Ал еліміздегі министрліктердің жұмыс істеу көрсеткіштері қандай? Оған баға беру үшін әлем елдері үкіметінің жұмыс  істеу тиімділігі жөніндегі рейтингісін қарасақ жеткілікті. Бұл рейтингіде Сингапур, Швейцария, Финляндия сынды мемлекеттер көш бастап тұр. Қазақстан Үкіметі 209 елдің ішінде 89-орында.

Рейтинг болжамдары мемлекеттік қызметтердің көрсеткіштері, ішкі саясаттың сапасы мен жүзеге асырылуы және халықтың үкімет құрылымына деген сенімділік деңгейі мен орталық атқару органдарының жұмыс істеу  қабілеті саралана отырып жасалған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу