Жұмысқа орналастырылған әр төртінші адамның міндетті зейнетақы жарнасы жоқ – министр

286

Платформалық жұмыспен қамту қызмет көрсету саласында жиі кездеседі. 

Жұмысқа орналастырылған  әр төртінші адамның міндетті зейнетақы жарнасы жоқ – министр Фото: gov.kz

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Мәжілісте өткен "Қазақстан еңбек нарығын дамыту және кадрлық әлеуетін нығайту" тақырыбындағы Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Келесі сын-қатер – формалды емес жұмыспен қамтудың жоғары деңгейі. 2023 жылы нақты зейнетақы аударымдарының деректері бойынша есептелген еңбекақы төлеу қорының көлемі 20 трлн теңгені құрады. Өз кезегінде, Ұлттық статистика бюросының бағалауы бойынша еңбекақы төлеу қоры екі есеге жуық – 38 трлн теңге. Еңбекақы қоры бойынша деректердің едәуір алшақтығы сауда, ауыл шаруашылығы және жылжымайтын мүлік секторларында байқалады. Біздің министрліктің ай сайынғы дерекқор мониторингі ұлттық жобалар шеңберінде жұмысқа орналастырылған әрбір төртінші адамның міндетті зейнетақы жарналары жоқ екенін көрсетіп отыр", - деді министр.

Светлана Жақыпова платформалық жұмыспен қамтуды кеңейту мәселесіне де тоқталды.

"Бұл – экономиканы цифрландыру арқылы пайда болған әлемдік тренд. Кейбір елдерде платформалық жұмыспен қамтудың үлесі қазірдің өзінде 10 пайыздан асады. Қазақстан үшін бұл қызметке кіру кедергісі аз, икемді жұмыс кестесі және басқа жұмыстарды қоса атқару мүмкіндігі бар еңбек қатынастарының салыстырмалы жаңа түрі. Белгілі себептерге байланысты платформалық жұмыспен қамту қызмет көрсету саласында жиі кездеседі. Бірақ, біз өнеркәсіп және құрылыс сияқты салаларда да платформалық жұмыскерлердің өсу перспективасын көріп отырмыз", - деді ведомство басшысы.

Айта кету керек, осыған дейін университет түлектері неге жұмыссыздар қатарын толықтырып жүргенін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу