Жұмыспен қамтамасыз етілуі керек 1 млн адамның тек 37%-ы жұмысқа тұрғызылды

202

Мемлекет басшысы биыл шамамен 1 млн адамды жұмысқа орналастыру міндетін қойды. 

Жұмыспен қамтамасыз етілуі керек 1 млн адамның тек 37%-ы жұмысқа тұрғызылды Фото: kapital.kz

Жыл басынан бері 353 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды. Бұл –жоспардың тек 37%-ы, деп жазады Inbusiness.kz сайты.

"Тапсырманы ұлттық жобалар, сондай-ақ облыстардың инвестициялық жобалары және жеке бастамалар аясында жүзеге асыру керек.

Биыл жыл басынан бері 353 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды.

Бұл –жоспардың тек 37%-ы. Көріп отырғанымыздай, әкімдіктер жұмысты айтарлықтай күшейтуі қажет", — деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Бүгінгі таңда еңбек нарығы бірқатар проблемалар мен қиындықтарға тап болып отыр, олар кешенді тәсілді қажет етеді.

Олардың қатарында еңбек өнімділігінің төмендігін, жұмысшылардың кәсіптік деңгейінің сәйкес келмеуін, бейресми жұмыспен қамту үлесінің, әсіресе ауылдық жерлерде, жоғары екенін атап өтуге болады.

Бизнес көбінесе тиісті біліктілігі бар кадрларды таба алмайды.

Осы проблемаларды шешу мақсатында былтыр Еңбек нарығын дамытудың 5 жылға арналған түбегейлі жаңа тұжырымдамасы қабылданды.

Оның негізгі мақсаты адами капиталды дамыту, өнеркәсіптің барлық салаларында, ауыл шаруашылығында, саудада және қызмет көрсету саласында сапалы жұмыс орындарын құру болып табылады.

Тұжырымдама шеңберінде іске асырылатын барлық жобалар бойынша тұрақты жұмыс орындарын көбірек құру қажет. Жас мамандарды жұмысқа орналастыруға ерекше назар аудару керек.

"Талдау көрсеткендей, техникалық және кәсіптік оқу орындарын бітірген түлектерінің 25%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Сондықтан оларды еңбекпен қамту үшін жұмыс берушілермен, әсіресе ірі кәсіпорындармен тығыз өзара іс-қимыл орнату қажет", — деді министр.

Жаңа жұмыс күшін қажет ететін барлық жобаларды қадағалау үшін Еңбек министрлігі тарапынан жұмыспен қамтуды мониторингтеудің нақты жүйесі керек.

"Осыған байланысты Цифрлық даму министрлігі жыл соңына дейін Еңбек, Қаржы, Экономика, Өнеркәсіп министрліктерінің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялауға тиіс.

Сондай-ақ барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге жобаларды іске асырып жатқан мердігер ұйымдардың жұмыс орындарын құру жөніндегі міндеттемелерін бақылауды тапсырамын", — деді Жақыпова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу