Жұмыспен қамту орталығы мамандарының жалақысы еңбекпен қамтылған азаматтардың санына байланысты болады - Смайылов

729

Әкімдер 15 қаңтарға дейін халықтың жұмысқа орналасу көрсеткіштерін қайта қарауы тиіс.  

Жұмыспен қамту орталығы мамандарының жалақысы еңбекпен қамтылған азаматтардың санына байланысты болады - Смайылов Фото: primeminister.kz

Халықты жұмыспен қамту орталығы мамандарының жалақысы еңбекпен қамтылған азаматтардың санына тікелей байланысты болады. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.

"Жалпы жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын трансформациялауға келетін болсақ, құрылымды жаңартудан басқа, нақты нәтиже үшін еңбекақы төлеуге көшу керек. Яғни, жұмыспен қамтылған азаматтар саны неғұрлым көп болса, жұмыспен қамту орталығы қызметкерлерінің жалақысы да соғұрлым жоғары болады", - деді ол.

Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының халықтың, соның ішінде жастардың табысы мен жұмыспен қамтылу деңгейін арттыру бойынша нақты міндеттер бергенін атап өтті. Атап айтқанда, 2023 жылы жастар ішінде кемінде 100 мың адамды еңбекпен қамту, жас кәсіпкерлерге жылдық мөлшері 2,5% несие беру.

"Қаражат бөлінді, ережелер қабылданды. Біз осы тапсырмалардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуіміз қажет. Әкімдіктер мен тиісті мемлекеттік органдар жұмыс орындарын құруға жауапты болуы тиіс. Жұмыс орындарын құру жөніндегі барлық индикатор мемлекеттік органдардың даму жоспарларында, өңірлік жұмыспен қамту карталарында көрсетілуі керек. Электрондық еңбек биржасы арқылы тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша сапалы мониторингті қамтамасыз ету маңызды. Өңірлердің әкімдері 15 қаңтарға дейін тұрақты жұмыс орындарына басымдық бере отырып, өңірлік жұмыспен қамту карталарын жұмысқа орналастыру көрсеткіштері бойынша қайта қарауы қажет", - деді Үкімет басшысы.

Айта кету керек, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова халықты жұмыспен қамту орталықтарының трансформациясы бойынша пилоттық жоба биыл Астана қаласы, Қарағанды және Түркістан облыстарында басталатынын атап өткен болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу