Жұмысшылар мардымсыз жалақыға наразы

889

"Атырау жылу жүйелері" акционерлік қоғамының қызметкерлері жалақының мардымсыздығын айтып, наразылыққа шықты. 

Жұмысшылар мардымсыз жалақыға наразы Фото: aikyn.kz

Қызметкерлердің арасында әлі күнге дейін 60 мың теңгеге қарап отырғандар бар. Ең жоғары ақы алатындардың да жағдайы мәз емес. Жұмысшылардың айтуынша, бір маманға бірнеше азаматтың міндетін жүктеу де қалыпты жағдай болып кеткен. 

Райхан Шаукенованың мекемеде қызмет еткеніне 13 жылға жуықтады. Ай сайын қолына түсетін қаржы 60-80 мың теңгеден аспайды. Жалғызбасты ана мұндай ақшаға күн көру қиындап бара жатқанын айтады. 

"Мен қазір қосымша жұмыспен күн көрем. Менің жұмысым түнгі жұмыс болғандықтан, қосымша жұмыстан келіп, түнгі жұмыс істегенде, өте қиын маған. Бұл жерде антимонополия 10 жылдан бері өсірген жоқ. Олар әр 5 жыл сайын қарап отыру керек", дейді Жұмысшы Райхан Шаукенова.

"Атырау жылу жүйелері" акционерлік қоғамында 670 қызметкер бар. Жалақының аздығы жұмысшылардың бәріне ортақ проблема. Қазір мамандар өздеріне жүктелген міндеттен де артық еңбек ететін көрінеді. Ал айлықтың ең жоғары мөлшері 150 мың теңгеден де аспайды. Сол себепті еңбекақыны тез арада көтеруді талап етуде. 

"Жалақымыздың тезірек көтерілуін талап етеміз біздер. Халықтың талабы бойынша 50 пайыз көтергенін қалаймыз", дейді Жұмысшы Ролан Құлекешов.

Жұмысшыларына төлеп отырған жалақының аздығын жауатылар мойындайды. Тіпті соның кесірінен кадр тапшылығы бар дейді. Бас-аяғы 60 маман жетіспейді. Осы уақытқа дейін айлықты 5-10 пайызға арттырыпты. Бірақ азық-түлік пен өзге қажеттілік құнының күн санап өсіп келе жатқанын ескерсек, қолға түсетін қаржы түкке де тұрмайды. Басшы, мәселені наурыз айында біржақты етем дейді. Жалақының кем дегенде 40-50 процентке өсетініне сендірді. 

"Бұл мәселені премьер-министрге дейін жеткіздік. Нәтижесінде заңға өзгерістер енгізілді. Қазір арнайы актілер әзірленіп жатыр. Қалай болғанда да құжаттар наурыз айында дайын болады. Сол кезде жалақыны кемінде 40-50 пайызға арттыруды көздеп отырмыз", дейді "Атырау жылу жүйелері" АҚ президенті Әлібек Темірғалиев.

Әзірге қызметкерлерде "қырқына шыдағанда, қырық біріне шыдаудан" басқа амал жоқ. Жұмысшылар өзекті мәселе бір айда шешілмесе, проблеманы жылы жауып қоймаймыз деп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу