Жұмыссыз азаматтарға медициналық көмек көрсетуге 1,2 млрд теңге бөлінеді

174

Биылдан бастап МӘМС жарналары жергілікті бюджет есебінен төленетін болады. 

Жұмыссыз азаматтарға медициналық көмек көрсетуге 1,2 млрд теңге бөлінеді Фото: Алматы облысының әкімдігі

Президенттің тапсырмасынан кейін МӘМС аясында бірқатар өзгерістер енгізілді. Заңдағы жаңашылдықтың арқасында 2026 жылы елімізде 1 млн адам МӘМС жүйесімен қосымша қамтылмақ, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жаңа жылдан бастап МӘМС жүйесіне 11 нозологияны қамтитын әлеуметтік мәні бар аурулардың (ӘМА) жаңартылған тізбесі енгізілді. Соған қарамастан, МӘМС жүйесіндегі медициналық көмектің қолжетімділігі мен көлемі өзгеріссіз қалады.

18 жасқа толғаннан кейін де мемлекет мүгедектігі бар адамдар үшін сақтандыру жарналарын төлеуді жалғастырады. Сондай-ақ мемлекет жұмыссыз және әлеуметтік осал азаматтарды – МӘМС жүйесіндегі D және E санаттарын сақтандырумен қамтамасыз етеді.

"Диспансерлік есепте тұрған осы санаттағы азаматтарға медициналық көмек көрсету үшін облыста 2,6 млрд теңге бөлінген. Қосымша түрде жұмыссыз азаматтар үшін 1,2 млрд теңге бөлу мәселесі қарастырылуда", – дейді Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов.

Айта кетейік, диагностика, консультациялар, емдеу және оңалту қызметтері қысқартылмайды және тоқтатылмайды – барлық медициналық қызметтер МӘМС жүйесі аясында толық көлемде көрсетіле береді.

Халықтың басым бөлігін аталмыш жүйемен қамтуды оңтайландыру мақсатында жарналар мен аударымдардың негізгі шегі өзгертілді. Нақтыласақ, жұмыс берушілер жарналарды 40 ЕТЖ-дан аспайтын сомадан, ал қызметкерлер 20 ЕТЖ-ға дейінгі сомадан аударатын болады.

"Бүгінде Алматы облысындағы медициналық мекемелерге 1 645 171 адам тіркелген. Оның ішінде МӘМС жүйесінде “Сақтандырылған” мәртебесі бар азаматтар саны 1 343 718 адамға жетіп жығылады", – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы облыстық филиалының директоры Нұрлан Қыдырбаев.

Қарасай ауданы бойынша МӘМС жүйесінің жауапты координаторы Гүлнара Жайсанбаеваның айтуынша, бір ғана Қарасай ауданында 309 557 адам сақтандыру мәртебесіне ие.

"2025 жылы жергілікті құзырлы органдармен бірлесе жұмыс жасау барысында Қарасай ауданында 10 089 азамат МӘМС жүйесіне тіркелді", – дейді спикер.

Еске саламыз, 1 қаңтардан бастап енгізілген өзгерістерді халыққа түсіндіру мақсатында медициналық ұйымдардың call-орталықтарының жұмысы күшейтілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу