Жұмыссыздар жаңа бағдарламаның қатысушысы атана алады

612

Жұмыссыздар жаңа бағдарламаның қатысушысы атана алады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен және ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің қолдауымен, 1 сәуірден бастап, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтарға әлеуметтік қызмет көрсетудің жекелеген секторлары өз жұмысына кірісті. Бұған халыққа көрсетілетін қызмет сапасын көтеру мен ХҚКО мекемелерінің көмегіне жүгінетін мол адамдар легін тиімді бөлу мақсаты түрткі болды.

"Аталған секторлар ашылғалы бері, ел бойынша орналасқан ХҚКО қызметкерлері базалық зейнетақы тағайындау, асыраушысынан айырылу жағдайына, мүгедектікке, бала туу мен оған күтім жасауға, жерлеу рәсімдеріне қажет, арнаулы жәрдемақы сынды басқа да әлеуметтік төлемдер жөнінде 42,5 мыңнан астам адамнан құжаттар қабылдап үлгерді", - деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова.

Вице-министр жұмыссыз және өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту үшін 237 ХҚКО-да жұмыспен қамту орталықтарының мамандарына 272 жұмыс орны ұйымдастырылғанын жеткізді.

Осылайша  жұмыссыз ретінде тіркелгісі келген азаматтар 199 жұмыспен қамту орталығынан тыс, ХҚКО мекемелерінде де барлық қажетті ақпаратқа қанығып, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының қатысушысы атана алады.

"Атап өтерлік жайт, жұмысқа орналасуда мемлекет көмегіне мұқтаж азамат, ең алдымен жұмыссыз немесе өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған екенін анықтап алғаны абзал. Әр азаматтың әлеуметтік мәртебесін айқындай отырып, біз, жұмыссыз немесе өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған жандарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартдудың нақты әрекеттерін атқаруға күш саламыз. Сонымен бірге, мемлекет Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аударатын адамдар санын айқындауға мүмкіндік туады. Біздің министрлік жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы жеке тұлғалар дерегіне арналған мемлекеттік базада тіркелген ел халқын барлық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен толық салыстырып шықты. Қазіргі кезде, өңірлерде, үй-үйді аралау жолымен азаматтардың мәртебесін нақтылау жұмысы белсенді жүргізілуде", - деп түсіндірді вице-министр.

Ағымдағы айдын басынан бері, жұмыс табуға байланысты мәселелермен елордалық ХҚКО мекемелеріне 464 адам келсе, оның 229-на жұмысқа орналасуға жолдама берілген. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу