Бұл бастама жаңа кәсіп игеруге мүмкіндік беріп қана қоймай, тұрақты жұмыс табуға да жол ашады.
Мемлекет жүргізіп отырған жұмыспен қамту саясатының негізгі бағыттарының бірі – жұмыс берушілердің сұранысына сай кәсіби мамандар даярлау. Осы мақсатта ұйымдастырылатын қысқа мерзімді оқу бағдарламалары азаматтарға аз уақыт ішінде тәжірибелік білім алып, жаңа мамандықты меңгеруге мүмкіндік береді.
Соңғы үш жыл ішінде бұл бағдарламаға 30 387 адам қатысқан. Соның нәтижесінде 21 781 азамат тұрақты жұмысқа орналасқан.
Оқыту жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде Мансап орталықтарының жолдамасымен колледждерде, оқу орталықтарында немесе тікелей жұмыс орындарында өткізіледі.
Бағдарлама толықтай мемлекет қаржысы есебінен жүзеге асады. Оқу барысында қатысушыларға ай сайын 43 574 теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Сонымен қатар медициналық тексеруден өтуге қаржылай қолдау көрсетіліп, оқу басқа елді мекенде ұйымдастырылса, жол жүру мен тұрғын үйді жалдау шығындары да өтеледі.
Бағдарламаның тиімділігі де жоғары. Білім беру ұйымдарында білім алған 20 517 адамның 16 496-сы тұрақты жұмысқа орналасып, жұмыспен қамтылу көрсеткіші 80 пайызға жетті.
Ал жұмыс берушілер базасында ұйымдастырылған практикалық оқудан өткен 6 359 адамның 5 285-і жұмысқа орналасқан. Бұл бағыттағы жұмыспен қамту деңгейі 83,1 пайызды құрады.
Осылайша, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасы азаматтарға жаңа мамандықты тегін игеруге, еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды меңгеруге және тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыруға бағытталған тиімді мемлекеттік қолдау тетігі болып отыр.
Бағдарламаға қатысу үшін тұрғылықты жеріңіздегі Мансап орталығына жүгіну қажет.