Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев жасанды интеллекті қолдануға қатысты өзекті мәселелерді көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мәжілісте "Жасанды интеллект туралы" заң жобасының таныстырылымы өтіп жатыр.
Сөз алған депутат Елнұр Бейсенбаев бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды.
"Жасанды интеллектің еңбек нарығына әсері бар екенін түсініп отырмыз. Деректерге сүйенсек, жасанды интеллект әлем бойынша шамамен 90 млн жұмыс орнын алмастыруы мүмкін екені айтылған. Бұл мәліметтер бірнеше жыл бойы зерттеліп жатыр. Әрине, ол еңбек нарығына да ықпалын тигізеді. Біз бұл мәселені қалай реттейміз? Себебі осыған дейін бірнеше рет айтқанымдай, Қазақстандағы жұмыссыздық мәселесі (ред. – көрсеткіштері) Үкіметпен жұмсартып айтылады. Бәріміз де Қазақстанда жұмыссыздық бойынша нақты цифра 12-13 пайыз екенін түсініп отырмыз. Бұл шамамен миллион адам. Егер де жасанды интеллект кейбір қызмет түрлерін алмастыратын болса, онда бұл жағдай күрделенуі мүмкін", - деді халық қалаулысы.
Мәжілісмен Жапонияда банк карталары әлі күнге дейін дәстүрлі тәсілмен берілетінін мысалға келтірді.
"Яғни, оны адамдар береді. Әрине, Жапония үшін бұл мәселеде жасанды интеллектке көшу қиын емес, бірақ олар бұл мамандарды алмастыру, олар үшін жаңа жұмыс орындарын ашу қиын екенін түсінеді. Екінші фактор – адамдардың біліктілігін арттырып, оларға жаңа жұмыс орындарын қаншалықты тез тауып бере аламыз деген мәселе. Одан кейінгі фактор – ауруларды диагностикалау. Жасанды интеллект дүние жүзінде медицинада қолданылып жатқаны бәрімізге белгілі. Тіпті қатерлі ісіктер де ЖИ бойынша зерттеліп жатқаны, оның 95 пайызға дейін дәлдікпен анықтай алатыны айтылған. Бірақ мұндай жағдайда жауапкершілікті кім алады? Мысалы, ертең дәрігер жасанды интеллект іске қосылды, сол арқылы емдеу жүргізіледі дейді. Бірақ адам қайтыс болады. Сонда науқасты емдеген адам жауап бере ме, әлде жасанды интеллект пе?", - деп атап өтті Елнұр Бейсенбаев.
Депутат жасанды интеллекті "белсенді қолданып жатқан" алаяқтар туралы да айтты.
"Алаяқтардың жасанды интеллекті сапалы түрде қолданатынын түсіну керек. Мысалы, қазір ғана айтып жатқан сөздеріме менің дауысымды салып, кез келген жаңа тезис қосып жіберуі мүмкін. Заңнамалық тұрғыдан да осы мәселені шешу қажет. Қазір әлеуметтік желілерде түрлі шығармашылық мазмұндағы контент көбейіп келеді. Оны жасанды интеллект жасады ма, жоқ па – оны анықтау қиын. Мәселен, желіде түрлі танымал әндер таралып жатыр. Барлығы бұл әндердің авторлары композиторлар деп ойлайды. Шын мәнінде олай емес. Олардың авторлары – жасанды интеллект. Осындай жағдайларды кім анықтайтын болады?", - деді Мәжіліс депутаты.