Соңғы төрт жыл дересінде Павлодар облысында кәсіби, ғылыми, шығармашылық және қоғамдық салада табысқа ие болған дарынды жастарды ынталандыру мақсатында арнайы сыйлық табысталып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Биыл "Тәуелсіздік ұрпақтары" сыйлығын иелену үшін 100-ден астам өтініш түсті. Әр саланың білікті мамандарынан құрылған қазылар алқасы үздіктердің арасынан 10 аталым бойынша 20 үздікті анықтады. "Ауыл шаруашылық қызметкері", "Қоғамдық қызмет", "Спорт", "Медицина", "Өндіріс қызметкері", "Кәсіпкерлік", "Волонтерлік", "Мәдениет" сынды аталымдарда оқ бойы озық шыққан жастардың әрқайсысына Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов 500 мың теңге табыстап, арнайы дипломмен марапаттады.
"Тәуелсіздік ұрпақтары" сыйлығының лауреаты атанған жастардың бірі – Темірхан Баяхметов. Ол "Білім және ғылым" номинациясы бойынша жеңімпаз болды. Павлодарлық жігіт қазіргі уақытта Семей медициналық университетінде "Кардиохирургия" мамандығы бойынша білім алуда.
Темірханның маңызды жобаларының бірі – 3DMAX ортасындағы адам жүрегі. Студент өз жұмысын халықаралық конференциясыда ұсынып, IV Бүкілресейлік "Medical Soft Skills" чемпионатының дипломанты атанды. Сондай-ақ жүректі 3D модельдеуге қатысты жасалған бұл жобасының арқасында "ТМД-нің үздік студенті-2021" атағын иеленді.
Медициналық ғылымға, оның ішінде цифрлық әдістерге ден қойған студент оқуын тәмамдаған соң Павлодар облысына қайтып келіп, жерлестерінің денсаулығын сақтауға көмектесуді қалайды.
"Республика күні қарсаңында азды-көпті еңбегіп еленіп, "Тәуелсіздік ұрпақтары" сыйлығына ие болғаныма қуаныштымын. Мұндай марапат біз сияқты жастарды одан әрі жігерлендіріп, ынталандырады", – дейді ол.
Сонымен қатар, жеңімпаздардың қатарында "World Skills Competition – 2022" бүкіләлемдік конкурсының жүлдегері, Торайғыров университетінің студенті Дина Афанасьева, акробатикадан Азия чемпиондары, әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері Анатолий Пахандрин мен Санжар Садуов, екі баланы ажал аузынан аман алып қалған Ертіс аудандық полиция бөлімінің кезекші көмекшісі Азамат Саянов бар.