Жүргізуші куәлігін алғысы келген 20 мың адамның 4 мыңы ғана сынақтан сүрінбей өткен

847

2022 жылы Түркістан облысында бірнеше халыққа қызмет көрсету орталығы ашылады.

Жүргізуші куәлігін алғысы келген 20 мың адамның 4 мыңы ғана сынақтан сүрінбей өткен

Биыл бірінші тоқсанда 20 мың адам жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсырған. Оның 16 мыңы сынақтан өте алмаған. Бұл туралы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" АҚ басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, жолдағы қауіпсіздік жүргізуші куәлігін алатын адамдарға тікелей байланысты. 

"Мысалы, жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық және практикалық емтихан тапсыру керек. Оларды дұрыс тапсыру үшін және пара беру дерегі тіркелмес үшін біз биометриялық жаңа жүйені енгіздік. Биыл бірінші тоқсанда бойынша жүргізуші куәлігін алғандар саны былтырмен салыстырғанда 58%-ға азайды, яғни жүргізуші куәлігін алмағандар саны көбейген", – деді басқарма төрағасы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Ол статистикалық деректерге тоқталды.

"2022 жылғы бірінші тоқсанда Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу үшін 20 мың адам емтихан тапсырған. Оның тек 4 мыңы емтиханнан сүрінбей өткен, ал емтиханды қайта тапсыру үшін 16 мың адам кезекте тұр. Оның ішінде 6 мың адам теориялық тесті тапсыра алмаса, 10 мың адам практикалық емтиханнан сүрінген", – деді басшы.

Осыған байланысты Сүйеніш Әбділдин елде мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашу керегін жеткізді.

"Емтихан тапсыратындардың саны артып жатыр. Оларды қабылдау үшін бізге мамандандырылған ХҚКО керек. Бүгінде елімізде 20 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Олар автодроммен жабдықталған. Теориялық емтихан тапсыратын 32 пункт бар. Алайда біз (жаңа мамандандырылған ХҚКО-лар ашу үшін – автор) өңірлердегі әкімдіктермен бірігіп жұмыс істеп жатырмыз. Мысалы, биыл Түркістан қаласы мен Сарыағаш ауданында мамандандырылған ХҚКО ашамыз. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында да шешімін таппаған мәселе бар. Балқаш (Қарағанды облысы) пен Жезқазғанда (Ұлытау облысы) да аталған орталықты ашу мәселесін қарастырудамыз", – деп сөзін түйіндеді басқарма төрағасы.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу