Қазақстандықтарға жүргізуші куәлігін алу бойынша емтиханның теориялық кезеңінен өту үшін ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ. Тестілеуді үйден шықпай-ақ ноутбук немесе дербес компьютер арқылы тапсыруға болады. Астанада арнайы пилоттық жоба іске қосылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ хабарлауынша, жаңа қызмет eGov Mobile мобильді қосымшасындағы "ХҚКО қызметтері" – "Теориялық емтиханды онлайн тапсыру" бөлімі арқылы қолжетімді. Алғашқы кезеңде жоба пилоттық режимде тұрғылықты жері бойынша Астана қаласында тіркелген азаматтарға ұсынылады.
Өтінім бермес бұрын жүйе үміткердің белгіленген талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексереді. Онлайн емтихан тапсыру үшін үміткер:
– Астана қаласында тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуде болуы;
– бұған дейін жүргізуші куәлігін алмаған болуы;
– көлік құралын басқару құқығынан айырылмаған болуы;
– автомектепті аяқтағаны туралы қолданыстағы куәлігі болуы;
– жарамды медициналық анықтамасы болуы;
– диспансерлік есепте тұрмауы қажет.
Қызметті алу үшін:
– eGov Mobile қосымшасындағы "ХҚКО қызметтері" бөліміне кіріп, "Теорияны онлайн тапсыру" қызметін таңдау;
– жүргізуші куәлігінің тиісті санатын көрсету;
– 1414 нөмірінен келетін SMS арқылы дербес деректерге қол жеткізуге келісім беру;
– қызмет ақысын төлеу;
– eGov жеке кабинетінен емтиханға арналған жеке сілтемені алу керек.
Тестілеу сілтемесі дербес компьютер арқылы ашылады және төлем жасалған күннен бастап 30 күн бойы жарамды болады. Теориялық емтихан 40 сұрақтан тұрады, оны орындауға 40 минут беріледі. Емтиханды күн сайын сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін тапсыруға болады. Емтиханды сағат 19:20-дан кешіктірмей бастау қажеттігі айтылды. Емтиханнан сәтті өту үшін кемінде 32 сұраққа дұрыс жауап беру қажет. Бір рет тапсыру мүмкіндігі қарастырылған. Егер үміткер қажетті балл жинай алмаса, келесі әрекетті келесі күннен бастап жасай алады.
Емтиханның ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін автоматтандырылған прокторинг жүйесі бар арнайы ExamApp қосымшасы қолданылады. Тестілеу кезінде бейнежазба, аудиобақылау және экранды жазу жүргізіледі. Емтихан басталмас бұрын жүйе үміткердің жеке басын оның фотосуретін профильдегі суретпен салыстыру арқылы сәйкестендіреді. Сонымен қатар екінші камера ретінде смартфонды пайдалану қажет.
Тестілеуді компьютер немесе ноутбук арқылы ғана тапсыруға болады. Емтиханды мобильді телефон, планшет немесе гибридті құрылғы арқылы тапсыру мүмкіндігі қарастырылмаған.