Жүргізуші куәлігін алу үшін тапсыратын емтихан сұрақтары жаңаланды

10590

Емтихан сұрақтарында қателер көп  

Жүргізуші куәлігін алу үшін тапсыратын емтихан сұрақтары жаңаланды

Жүргізуші куәлігін алу үшін тапсыратын емтихан сұрақтары жаңаланды, деп хабарлайды Atameken Business.

Сынақтан сүрінгендер көбеймегенде бұл жаңалықтан біз де бейхабар қалар едік. Осы айдың басында база жаңартылып, сұрақтар өзгерген екен. Өкінішке орай емтихан сұрақтарының қателері көп. Оны автомектеп оқытушылары мен курсанттар елеусіз қалдырмай, өз сараптамаларын жасапты.

Соңғы екі аптада автомектеп түлектерінің жүргізуші куәлігіне тапсыратын емтиханнан жаппай құлауы жиілеген. Барлығының да айтатыны бір – сұрақ пен дұрыс жауабы бір-біріне мүлдем сәйкес келмейді. Шәкірттерінің арызынан кейін емтихан сұрақтарына талдау жасаған автомектеп оқытушылары сексен сұрақтан сегіз қате тапқан. "Бұл біздің қолымызға тигендері ғана" – дейді мамандар. Осыдан кейін-ақ жаңартылған мыңдаған сұрақта қанша қателіктің өріп жүргенін болжай беріңіз. Тіпті қазақстандық ережеге сай келмейтін ресейлік жүргізушілерге арналған тапсырмалар да кездескен.

"Кеңестік замандағы жол жүру ережелерінен де сұрақтар кездеседі. Мысалы елімізде балаларды жүк көлігімен  тасымалдауға тыйым салынған. Тек қана екі есігі бар автобуста тасымалдауға рұсат делінген. Ал емтиханда курсанттарға  "Балаларды жүк көлігінің кузовында тасымалдағанда борттың биіктігі қанша болуы керек?" – деген сұрақ қойылған. Осындай келеңсіз сұрақтарға жауап беру керек", – дейді автомектеп директоры Сергей Миронов.

Әдетте, жүргізуші куәлігіне үміткерлерге санатына байланысты сұрақтар қойылады. Алайда, жаңа бағдарламада жеңіл көлік жүргізуге емтихан тапсырғандарға жүк көлігін тізгіндеу немесе жолаушылар тасымалдау бойынша да сұрақтар кездеседі. Автомектептердің әкімшілігі мен оқытушылары сұрақтар базасының жаңартылғаны жайында бейхабар қалдық деп ашулы. Сол себепті әкімшілік полиция басшысының орынбасарына және жаңа бағдарламаны енгізуге жауапты басқа да тұлғаларға шағымдарын жеткізіп үлгерген.

"Маған берген жауаптары мынадай. Осыған дейінгі бағдарлама адамдарды сұрақтарға жаттанды жауап беруге үйретіп тастады. Логикаға салып ойлауға итермелемейді. Сол себепті ыңғайсыз деп түсіндірді. Яғни, осыған дейін болған барлық әдістемені алып тастауға шешім қабылдаған. Олар да жаңа бағдарламадағы қателіктер жайында біліп отыр. Бәрі уақыт өте реттеледі деп сендірді", – "Көлік жүргізушілерін дайындау" кәсіптік бірлестігінің төрайымы Вера Антонова.

Көлік жүргізушілерін дайындайтын мамандар жаңартылған сұрақтар бойынша әдістеме мен оқулықтың да шықпағанына наразы. Ал, сұрақтар базасы мүлдем қолжетімді емес деп отыр. Яғни, жабық күйінде сақталғандықтан шәкірттерді емтиханға жаңаша дайындау мүмкін болмай тұр. Мамандар базада сауатсыз сұрақтардың кездесуін бағдарлама алдын ала апробациядан өтпей, қатемен жұмыс істелмегенімен түсіндіреді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу