Енді теориялық емтиханда биометрия жүйесі қолданылады. Ол дегеніміз тестке кірер алдында арнайы құрылғы азаматтың бет әлпетін сканерлеп, жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер қорындағы ақпаратпен салыстырады. Осы тексерістен өткендер ғана емтиханға жіберіледі. Сонымен қатар әр компьютердің жанына бейнекамера орнатылады.
Бұл адами факторды азайтып, жемқорлықты жою үшін қабылданған шара. Өйткені елімізде әлі күнге біреудің құжатымен тест тапсыратындар баршылық. Оған қоса жүргізуші куәлігін "сатып алу" жағдайлары тыйылмай тұр.
Сондықтан "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының өкілдері алдағы уақытта талаптар бұдан да күшейтіле береді деді.