Ішкі істер министрлігінің шешімімен енді 25 аудандық тіркеу-емтихан тапсыру бөлімшесінде алғаш рет жүргізуші куәлігін алатын тұлғалардан емтихан қабылдау және куәлік беру жүргізілмейді. Бұл туралы ҚР ІІМ ӘПК Facebook-тегі парақшасында жазды.
"Қазір арнайы ХҚКО-лардың жұмыс тәжірибесін сараптай келе, жемқорлыққа жол бермеу мақсатында 25 аудандық тіркеу-емтихан тапсыру бөлімшесінің жүргізуші куәлігін алғаш алып отырған жүргізушілерге емтихан қабылдау және куәлік беру құқығын тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл бөлімшелер арнайы ХҚКО-ларға және ІІБ ірі тіркеу-емтихан бекеттеріне жақын маңда орналасқан. Ал жүргізуші куәлігі бар азаматтар бұрынғыша осы бөлімшелерден куәлік телнұсқасын алуына немесе ауыстыруға болады", – деп жазылған хабарламада.
Сонымен жүргізуші куәлігін бірінші рет алатын азаматтар тек арнайы ХҚКО-лардан, қалалық және ірі ауданаралық тіркеу-емтихан тапсыру бөлімшелерінен ала алады.
"Сонымен қатар, емтиханды арнайы комиссия қабылдайды. Комиссия құрамына қоғамдастық өкілдері мен басқа да ІІБ қызметкерлері кіреді", - дейді мамандар.