Жүргізуші куәлігін сатудан түскен қаржының көлеңкелі айналымы жыл сайын 8 млрд теңгеден асады - депутаттар

982

Мәжілісмендер жүргізуші куәлігін алу кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол беріледі деп отыр. 

Жүргізуші куәлігін сатудан түскен қаржының көлеңкелі айналымы жыл сайын 8 млрд теңгеден асады - депутаттар Фото: Алау-ТВ

"Respublica" партиясы фракциясының депутаттары жүргізуші куәлігін алу бойынша мемлекеттік қызмет түрін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы құзыретінен алып тастауды ұсынды. Олар осы мәселеге байланысты Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады, деп жазады inbusiness.kz.

Депутат Олжас Құспековтың сөзінше, елімізде жыл сайын 10-15 мың жол-көлік оқиғалары тіркеледі. Салдарынан 2 мыңға жуық адам қаза табады.

"Яғни, бұл жыл сайын жол үстінде үлкен бір ауыл тұрғындарының жоқ болып кетуімен пара-пар. 30 жылда жол апатынан қайтқандардың саны Ауған соғысында қаза тапқан КСРО әскер санынан 4 есе асып отыр. Жол апаты салдарынан туындайтын экономикалық шығынның көлемі жылдық жалпы ішкі өнімнің 3%-ын құрайды", - деді депутат.

Халық қалаулысы жол апатынан қаза тапқандардың саны жыл сайын өсіп отырғанын жасырмады.

"Сарапшылардың пайымдауынша, жол-көлік оқиғаларының көбеюінің негізгі себебі – емтиханды тапсырмай-ақ жүргізуші куәлігін еш кедергісіз оп-оңай алу мүмкіндігі. Ондай көмекті емтиханды өткізуді ұтып алған мердігер компанияның қызметкерлері де, автоЦОН қызметкерлері де ұсынып жүр.  Жыл сайын жол ережелері емтиханын тапсырушылардың саны орташа есеппен 424 мың адамды құраса, ең төменгі жобамен олардың 10 пайызы – 42 мың адам куәлікті сатып алса, сатудан түскен қаражаттың көлеңкелі айналымы жыл сайын 8 млрд теңгеден асады", - деп атап өтті спикер.

Олжас Құспеков "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы жүргізуші куәлігін алу бойынша емтихандарды қабылдау жөніндегі қызмет түрін үшінші тұлғаға заңсыз негізде беріп отырғанын жеткізді.

"Бұл қызмет түрін нарыққа беру туралы шарт ешқандай заңда қарастырылмаған. Мердігер компанияға ақпараттық қауіпсіздік пен құрылғыларға қойылатын талаптар ескерілмеген. Жүргізуші куәлігін алу кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілгендіктен, бұл мемлекет қызмет түрін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы құзыреттілігі аясынан алып тастау ұсынылады", - деді ол.

Бұдан бөлек Ішкі істер, Цифрлық даму, министрліктері, Мемлекеттік қызмет істері және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктерінің қатысуымен кеңесші орган құруды; сыбайлас жемқорлық белгілері бар тәуекелдерге түбегейлі талдау жасап, болашақта оларды болдырмау жайлы механизмді енгізуді; аталмыш мемлекеттік қызмет түрін бәсекелестік жағдайында және ҚР заңдарын сақтай отырып, нарыққа беруді ұсынамыз, деді Олжас Құспеков.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу