Журналист Амангелді Батырбековтің ұлын атып кетті

2154

Түркістан облысы Сарыағаш қаласында 4 қаңтарға қараған түні журналист Амангелді Батырбековтің ұлын белгісіз адамдар атып жаралаған. Ұлы қазір жансақтау бөлімінде жатыр. 

Журналист Амангелді Батырбековтің ұлын атып кетті

Дәрігерлердің айтуынша, оқ кеудеден өтіп, екі иығының бұлшық етін жарақаттаған, соның салдарынан "травматикалық шок" алған, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Амангелді Батырбеков бұл істі өзінің журналистік қызметімен байланыстырған. Ол өзі басқаратын "Сарыағаш-информ" газетіне Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Шымкент қалалық прокуратурасының басқарма прокуроры мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасарын "не байланыстыратыны" жайында мақала жариялайтынын фейсбукте жазған. Бұл мақаланың шықпауын сұрап араға бірнеше адам түрлі ұсыныспен шыққан. Журналист ешкімнің ұсынысын қабылдамай, мақаланың шығатынын ескерткен. Сондай-ақ фейсбуктегі мына жазбасымен де байланысты болуы мүмкін екенін хабарлаған.

"3 желтоқсанда түнгі сағат 23:00 шамасында бетіне ақ маска таққан, қолын дәкемен орап алған белгісіз адамдар есігін қаққан. Есікті ашқан қызынан әкесін шақыруды сұраған. Сәлден соң сыртқа шыққан Батырбеков үйінің жанындағы дүкен жақтан ұлының жан даусын естіген", - деп жазады Азаттық радиосы. 

Түркістан облыстық полициясы осы іске қатысты ресми ақпар таратты: "Бұл жайт 03.01.2022 ж. "Адам өлтіруге оқталу" бойынша тіркелген. Құрамында криминалдық полиция басқармасының полицейлері бар арнайы топ құрылды. Бүгінде Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Қ. Сахов тәжірибелі полицейлермен бірге оқиға орнында жұмыс атқаруда. Полицейлер тарапынан қылмысты ашуға бағытталған шаралардың барлығы жасалуда. Барша тұрғындарға түнгі уақытта үй-жайларын бекітіп, сақтық шараларын ұстанып жүруге кеңес береміз. Егерде сіз де осындай оқиғаның куәсі немесе құрбаны болсаңыз, бірден полицияның 102 жедел желісіне хабарласыңыз!". 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу