Шілденің 16-сы күні Павлодарда алғаш рет бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында ережесіз жекпе-жектен Панкратион (Традишн) бойынша облыстық чемпионат өтеді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Спорттық шара алдағы Павлодар қаласы күні мерекесіне орай өтпек. Ұйымдастырушылар - облыстық "Сарыарқа самалы" газеті мен Панкратион және Грэпплинг бойынша Павлодар облыстық федерациясы, "Абылай" жекпе-жек спорт клубы.
"Жарысқа кілең журналистер қатысатындықтан шоу түрінде өткізуді жоспарлап отырмыз. Негізінен, Панкратионның ережесі бойынша қарсыластың басына емес денесіне ғана соққы жасалады. Сонымен қатар, жерге құлату және ауырту тәсілдері бойынша ұпай жинайды. Жекпе-жекке кәсіби төрешілер баға береді, сондықтан барлық қауіпсіздік қамтамасыз етілген", - дейді федерация президенті Алтынбек Рысжанов.
Облыстық "Сарыарқа самалы" газетінің тілшісі Жарқынбек Амантайұлының айтуынша, Павлодар өңірінде тіпті, Қазақстан көлемінде журналситер арасында ережесіз жекпе-жектен жарыс өтпеген.
"Мақсатымыз - салауатты өмір салтын ұстануға үгіттеу және бұқаралық спортты дамыту, бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы әріптестік байланысты нығайту. Жарысқа "Ертіс медиа" ЖШС-не қарасты барлық газет, журнал, электрондық сайт қызметкерлері және облыстық "Халық" радиосы, "Қазақстан-Павлодар" телеарнасының өкілдері қатысады. Сондай-ақ, Екібастұз қалалық, Май аудандық газеттерінің журналистері де бақ сынамақ", - дейді Жарқынбек Амантайұлы.
Журналситер турнирі 16-шы шілде, жексенбі күні Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының екінші қабатында өтеді. Басталуы сағат - 16:00. Кіру тегін.