ҚР ақпарат және байланыс күнін тойлау қарсаңында журналистер арасында шағын футболдан жыл сайынғы турнир өткізілді. Аталмыш шараны қала әкімдігі ұйыдастырды, деп хабарлайды astana.gov.kz.
Бүгін К. Мұңайтпасов атындағы алаңда шағын футбол бойынша өткен ойынға 13 команда мен бұқаралық ақпарат құралдарының 130 өкілі қатысты.
- Шағын футболдан турнир бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері арасында кәсіби қарым-қатынасты нығайту, салауатты өмір салтын насиxаттау футбол секілді спорт түріне өскелең ұрпақты баулу мақсатында өткізіледі,- деді Астана қ. ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қамбаров.
Өткізілген турнирдің бас төрешісі Даулет Хамзиннің айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жарыста мықты команда құрып, өздерінің жақсы дайындығы мен қызықты ойынын көрсетті.
Жыл сайынғы турнир биыл 13 команда арасында өтті, жеребе салу бойынша 4 топқа бөлінді. Командалар алдымен топтық кезеңде ойнап, кейін плей-офф деңгейіне көшті. Ойын барысында БАҚ өкілдері арасынан "Хабар" телеарнасының командасы жақсы нәтиже көрсетіп, алға шықты. Сондай-ақ "Қазақ радиосының" командасы қызықты тартыста турнирдің жеңімпазы атанды. Ала допты соғуда шеберлік танытқан "Елорда Ақпарат" командасы да ерекшелене білді, - дейді Даулет Хамзин.
- Төреші болған соң, ойынның әділ өтуіне ерекше көңіл бөлуге тырыстым. БАҚ өкілдері арасында жыл сайын өткізілетін турнирге 9-шы рет төрешілік етіп отырмын. Халық пен билік арасында көпір болып жүрген журналистердің ерекше еңбегін, қызметін атап өткім келеді. Сіздер арқылы елімізде, әлемде болып жатқан оқиғаларға қанық болып, ақпар аламыз. Осы тұста сіздерді алдағы кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, ойынды қызықты әрі тартысты өткізгендеріңіз үшін раxметімді айтамын,- деп атап өтті Хамзин.
Турнирдің қорытындысы бойынша 3-ші орынды "Хабар" телеарнасы, 2-ші орынды "Қазақ радиосы" алса, 1-ші жүлделі орынға Республикалық " Егемен Қазақстан" газеті ие болды. Оған қоса әртүрлі аталымдар бойынша бұл командалар жоғары нәтиже көрсетті.