Журналистер үстел теннисінде кім мықтыны анықтады

674

"Atameken Business" арнасының тілшісі кезекті рет чемпион атанды.

Журналистер үстел теннисінде кім мықтыны анықтады

Павлодар облысында аудан-қалалық, облыстық және республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында Сәлімбай Ермұратовты еске алуға арналған үстел теннисінен дәстүрлі турнир өтті. Биыл журналистер арасындағы бәсеке оныншы рет ұйымдастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ұзақ жылдар бойы облыстық радиода (қазіргі Халық радиосы) қызмет етіп, талай тілшіге ұстаз бола білген Сәлімбай Ермұратовтың өңір журналистикасындағы қолтаңбасы ерекше, қалдырған ізі де мәңгілік. Кәсіби журналистің шекпенінен шыққан шәкірттері бүгінгі күні білікті маманға айналып, ұстаздың құрметіне жыл сайын үстел теннисінен турнир өткізіп келеді. Тіпті, пандемия уақытында да карантиндік талаптарды қатаң сақтай отырып, журналистер жарысы ұйымдастырылғаны есімізде.

Биылғы бәсекеде сөз алған "Ертіс Медиа" ЖШС директорының орынбасары Жұмабек Сманов облыстық радиода ұзақ жыл қызмет атқарған Сәлімбай Ермұратовтың еңбегін еске алып, жастарға үлгі-өнеге көрсете білгенін атап өтті. Сонымен қатар жыл сайын турнирді ұйымдастырудың басы-қасында жүрген Халық радиосы редакторының орынбасары Махаббат Кәмесханға алғыс айтты.

Жақында ғана ашылған "JENIMPAZ" үстел теннисі орталығындағы тартыс қызу болды. Журналистер қаламмен қатар, ракетка ұстауда да үздік екенін көрсетті. Қыздар мен ерлер арасындағы бәсеке кәсіби спортшылардан кем түскен жоқ. Нәтижесінде "Atameken Business" телеарнасының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Есенбек Санатұлы осы турнирдің жетінші мәрте жеңімпазы атанды. Яғни, жеті турнир бойы алдына жан салған жоқ. Тек бұған дейін әр жылдары ұйымдастырылған үш турнирде үшінші орынды қанағат тұтты. Ал бұл жолғы жеңісінен соң ракеткасын "сандық түбіне салып", жастарға жол беретінін мәлімдеді.

Ерлер арасында екінші орынды "Найзатас" әдеби журналының редакторы Асыл Әбіш, үшінші орынды "Ertis" телеарнасының жаңалықтар бөлімінің режиссері Әділхан Мүтәляпов иеленді.

Қыздар арасындағы тартыста "Халық радиосының" жүргізушісі Айдана Дүйсен ешкімге дес берген жоқ. "Звезда Прииртышья" облыстық газетінің жауапты хатшысы Надежда Яницкая мен "Saryarqa samaly" облыстық газетінің журналисі Гүлжайна Түгелбай екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.

"Ертіс Медиа" ЖШС жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлық табыстады. Қатысушылар да құр алақан қайтқан жоқ. Оларға Алғыс хат пен тауарлы сертификаттар берілді.

Сәлімбай Ермұратовты еске алуға арналған үстел теннисінен турнир – Павлодар облысындағы журналистер бақ сынайтын жалғыз жарыс. Сондықтан теннис ойнаған тілшілер алдағы уақытта футбол, волейбол сынды спорт түрлерінен де сынға түсуден кетәрі емес екенін білдірді. Тілшілер қауымы жаңалықтың ғана емес, спорттың да жаршысы болуға ниетті.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу