Журналистерді тіркеу тәртібі өзгереді

2249

Бұл туралы ақпарат және коммуникациялар министрі айтты.

Журналистерді тіркеу тәртібі өзгереді

ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев журналистерді тіркеуден өткізу және тақырып бойынша сұрақ қою мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, журналист нақты бір маманның құзіретіне жататын кез келген сұрақты қоюға құқылы. Бірақ іс-шара басқа тақырып бойынша өтуі мүмкін. Ал модератор сол тақырып бойынша сұрақ қоюды талап етеді.

"Енді модератор алдын ала тақырыпты жариялап, тек соған қатысты сұрақ қоюға өтініш жасай алады. Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Бірақ іс-шарадан кейін маман, я болмаса шенеунік өз құзіретіне жататын кез келген сұраққа жауап беруге міндетті. Ол үшін журналистің аккредитациясын ешкім алып қоймайды. Аккредитация туралы ережелерде ыңғайсыз сұрақтарға қатысты ештеңе жазылмаған", – деді Дәурен Абаев журналистерге берген сұxбатында.

Оның сөзіне қарағанда, ережеде ыңғайсыз сұрақтарға қатысты ештеңе жазылмаса да, модератордың тәртібі сақталмаған жағдайда журналисті аккредитациядан айыру мәселесі бар.

"Біз оны алып тастайтын шығармыз. Сосын тіркеуден өткен журналистердің санына қатысты бір мәселе бар. Біз барлық редакцияларды қамтуға тырысамыз. Бірақ кей басылымдар 5-7 журналисті аккредитацияға жібереді. Содан орын жетпей жатады. Ол жағын да қарастыратын боламыз. Аккредитация үшін журналистің келісімшартын көрсету міндетін де алып тастаймыз", – деді министр.

Осы орайда министр журналистерді жазбаша ұсыныс беруге үндеді. Аталған тақырыпты кеңінен талқылау үшін арнайы жиналыс та өткізуге келісті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу