Журналистерге шабуыл жасағандарға қатысты сот үкімі шықты

357

Сотталушы кәмелетке толмаған 4 тұлғаны қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауға тартқан.

Журналистерге шабуыл жасағандарға қатысты сот үкімі шықты Фото: Inbusiness.kz

Алматы қаласының Ювеналды сотында журналистерге шабуыл ұйымдастырды деген айып бойынша Т-ға қатысты, сондай-ақ бұзақылық жасау және бөтеннің мүлкін қасақана жою бойынша кәмелетке толмағандар - К, Т, С, А-ларға қатысты іс қаралды (ҚК 293, 202-бап), деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Алматы қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, Т-ға қатысты журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтірді, жеке өмірге және дербес деректерге қол сұғылмаушылықты бұзды, кәмелетке толмағандарды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тартты, қорқытты, бұзақылық жасады, ақпараттық жүйенің жұмысын бұзды және бөтеннің мүлкіне қасақана зақым келтірді деген айыптар тағылды (ҚК-нің 158, 147, 132, 115, 293, 207 және 202 баптары).

Сотта Т-ның 2022 жылғы шілде - 2023 жылғы ақпан аралығында жеке тұлғаның келісімінсіз, оның дербес немесе отбасылық құпиясын құрайтын жеке өмірі туралы мәліметтерді заңсыз жинап, оны Интернет арқылы БАҚ-қа таратқаны анықталды.

"Сонымен қатар, ол кәмелетке толмаған 4 тұлғаны қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауға тартқан. Кәмелетке толмаған сотталушылар - К, Т, С, А. бөтеннің мүлкіне зақым келтірген, сондай-ақ бұзақылық жасаған, атап айтқанда редакция ғимаратының шыны есіктері мен терезелерін сындырған, содан кейін автокөлікті қасақана өртеп, жәбірленушіге ауқымды мөлшерде залал келтірген", - делінген сот хабарламасында.

Т. мен кәмелетке толмаған К., Т., С., А.-ның кінәлары айыпкерлердің мойындау түсініктемелері және жәбірленушілердің айғақтары арқылы, сонымен қатар тергеу барысында жиналған және сот процесі уақытында зерттелген басқа да дәйектер арқылы дәлелденді.

Прокурор барлық сотталушыларды айып тағылған қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп тануды және қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша жазаны өтеуді түпкілікті тағайындауды сұрады.

"Сот үкімімен Т. аталған қылмыстар үшін кінәлі деп танылып, оған 4 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Кәмелетке толмағандар К, Т, С, А. да кінәлі деп танылып, оларға 1 жыл 4 ай бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Екі жәбірленушінің азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды. Моральдық залалды өтеу есебінде сотталушы Т. және кәмелетке толмаған сотталушылардың заңды өкілдерінен 3 млн теңге өндірілді",- делінген хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу