Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус қазақстандық құдаларымен бірге "Атамекен" әнін орындады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ұйым басшысы видеоны өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Онда Тедрос Гебреисус жиналған қауым арасында Ескендір Хасанғалиевтің "Атамекен" әнін орындағаны бейнелеген.
Видеодан Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановты да байқауға болады.
"Осындай тамаша кеш үшін Ардақ құдағи мен Дәулет құдаға рақмет. Қазақстандағы құдаларыммен бірге керемет уақыт өткіздік. Күлкі, махаббат және бірге шырқалған әсем әндер кештің сәнін келтірді. Маған үш немере сыйлағандарыңыз үшін алғыс айтамын. Олар – менің бар байлығым. Екінші үйіме келгеніме бақыттымын", – делінген жазбада.
Ардақ Ерманова – ақын Жүрсін Ерманның қызы, депутат Дәулет Тұрлыхановтың әйелі. Олардың қызы Тедрос Адханом Гебрейесустың үлкен ұлына тұрмысқа шыққан.