Жұрт өткел жоқ деп билікке өкпелі

575

Жұрт өткел жоқ деп өкпелі. Таразда бүтін бір алқап тұрғындары 10 жылдан бері "теміржол үстінен өтетін көпір керек" деп шырылдап жүр. Жұрт өткел жоқ деп өкпелі. Таразда бүтін бір алқап тұрғындары 10 жылдан бері "теміржол үстінен өтетін көпір керек" деп шырылдап жүр. 

Жұрт өткел жоқ деп билікке өкпелі Фото: zakon.kz

Бақандай 8 жолақты пойыз жолды кесіп өту үшін жанды шүберекке түюмен тең.

Таяуда ғана тосыннан түскен түсініксіз талап бүкіл Тастақ алқабын тік тұрғызды. Жанайқайы  жалғыз жүргіншілер жолын жаба ма деп жыларман.

Тастақ алқабы мен мектеп арасын мына 40 қадамдық жол бөліп тұр. Амалдың жоғынан тұрғындар қауіп-қатерге қарамастан жолды кесіп өтеді. Өйткені тиісті жүргіншілер өткелі мына аймақтан 2-3 шақырым шалғайда орналасқан. 

Мұнда 500 түтін бар. Теміржолдың арғы бетінде қараша қатынайтын қос аялдама тұр. Мектеп те сонда. Сондықтан өткелден аяқ ізі үзілмейді. Дені оқушылар. Ал бұдан әрі жолды кесіп өткендерге айыппұл салынбақ.

Өткел жоқ емес, бар. Бірақ 2 шақырым шалғайда. Оның өзін жұрт жылап жүріп, әрең салдыртқан. Қазір алқапта үй қалап, үдере көшкен жұрт көп. Ел саны еселенді. Енді небәрі 50 метрден өту үшін талай тұрғын шақырым асып, табан тоздыра ма деп аң-таң. 

"Осы жалғыз жолмен жүре алмаса, халық қайда барады сонда? Не қалаға кірмей ме? Өзіме өзі қала ма?", деп ашынды қала тұрғыны Кемелбек Исаев.

Көпір керек деп көпшілік 10 жылдан бері жырлап жүр. Хаттама толтырғандардың алды қарияға айналды деп күледі. Өткел салсын, сосын барып айыппұлын арқалатсын деп талап етеді. 

Ал желілік полиция ешкімге айыппұл салынбады деп сендірді. Ескертумен ғана келеміз дейді. Аспалы жол салынғанша олар да осылай амалдамақ. 

"Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 559 бабы, 1 тармағына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Айыппұл салынбайды бірақ, негізінде ескерту жасаймыз", дейді Тараз станциясы Желілік полиция бөлімі бастығының орынбасары Аслан Дүйсенбаев. 

Келешекте жолды кесіп өткенге айыппұл салынады. Бұл қауіпсіздік амалы дейді. Өткен жылы Таразда теміржолдан өтпек болған 5 адам көз жұмыпты. Оның екеуі жасөспірім. Жалпы өткел қазір шойын жолдың қызметкерлеріне ғана арналған. Ал жаңа өткелді салу ісі әкімдік еншісінде. 

"Мәселені толығырақ зерделеп, теміржол компаниясымен келісіп, қарастыратын боламыз. Биылғы жылы енді қазір бюджет нақтылау кезінде жсқ ақша бөліп, қарастырса, соғып береміз", дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев. 

Алайда жұрт бұған сенбейді. Уәде үдеден шықпаса, бұқара базына арқалап бас қалаға бармақ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу