Жұрт сайлауға баруы үшін базарлар жабылады

874

Алматыда барлық базардың басшылары қолдап, 9 маусымды, яғни Қазақстан Президенті сайлауы күнін "санитарлық күн" деп жариялады.

Жұрт сайлауға баруы үшін базарлар жабылады

Ел алаңдамай, бір күнді дауыс беруге арнауы үшін 9 маусымда Алматыдағы барлық базарлар жұмыс жасамайтын болды. Осы бастаманы алматылық барлық базарлар басшылығы қолдап, 9 маусымды, яғни Қазақстан Президенті сайлауы күнін "санитарлық күн" деп жариялады.

Әу баста, 29 мамырда осы бастаманы "Ақ бұлақ", "Түрксіб", "Арлан" және "Керуен" базарларының басшылары және солардағы сауда жасайтын кәсіпкерлер ұсынған болатын. Енді бұл бастамаға қаладағы қалған 52 базардың басшылығы қосылғаны анықталып отыр.

Акцияны ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, аталған шара базарларда күнұзақ тұратын кәсіпкерлерге және басқа да жұмысшыларға сол күні өздері қалаған уақытта өз сайлау учаскелеріне барып, дауыс беруіне мүмкіндік жасау үшін қолға алыныпты.

Мәлім болғанындай, қазіргі кезде Алматы базарларында ресми түрде 33 мың адам жұмыс жасайды.

Өзге қалаларда әзірге мұндай бастамаға базарлар жария сипатта қосылған жоқ.

Нұр-Сұлтанда тек қала әкімдігі барлық тұрғындарға 9 маусым күні қалалық автобустарда тегін жүру мүмкіндігін қамтамасыз етіп отыр. Алайда бұл жеңілдік қала маңы автобустарына таралмайды. Дегенмен, елордалық базарлардан қала ішіне қатынайтын автобустар осы күні ақысыз болады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу