Жұрттың жігерін жаныған үндеу – Сенатор

826

ҚР Парламенті сенатының депутаты Еділ Мамытбеков Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуіне байланысты пікір білдірді.  

Жұрттың жігерін жаныған үндеу – Сенатор

"Жаһанды жайлаған пандемия індетіне қарсы күш – мемлекет пен халықтың арасында өзара қолдау, түсіністік, сенім болған кезде қалыптасатыны сөзсіз. Қазіргі жағдай қанша қиын болғанына қарамастан, мемлекетіміз індетті жеңуге жұмылуда. Дәрігерлеріміз жанқиярлық ерлік көрсетуде. Осы ретте халқымыздың саналы әрекеті мен жауапкершілігі аса маңызды. Президент осыны баса айтты, елге демеу болатын сөзін жеткізді.

Мемлекет басшысы "Біреуге жан қайғы..." болып жатқан тұста дәрі-дәрмектің бағасын көтеріп, алаяқтықпен пайда көксегендердің жолын кесу шараларын, ащы да болса, денсаулық сақтау жүйесіндегі кемшін тұстарға жол берілгендігін бүкпесіз сөз етті. Енді осы ескертпеден нәтиже шығару аса маңызды", – деді ол.

Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының Ұлттық аза тұту күнін белгілеуі ел басына түскен ауыр сынақта көпшілікті сабырға шақырады деген пікірде. "Президент "Бұл – өте қауіпті, батпандап кіріп, мысқалдап шығатын дерт" екенін ескертіп, бірлік пен білімге жүгінуді ұсынды. Қазіргі таңда ауруға қатысты жалған ақпараттар пен қауесеттер көбейіп кетті. Президенттің осы жағдайдан сақтандырып, карантин ережелерін қатаң сақтауға үндеуі қазіргі таңдағы бірден-бір тиімді әрекет болып саналады. Халқымыз "Сақтықта – қорлық жоқ" деген даналықты осындай қиын кезеңдерге байланысты айтса керек. Хакім Абай жиырма сегізінші қара сөзінде "...ауруды жаратқан құдай, ауыртқан құдай емес", – деп нанып, ұқсаң болар", – дейді. Сондықтан, "ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік" дегім келеді", – деді сенатор.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу