"Жусан" операциясы: 144 әйел радикалды көзқарасынан бас тартты

1273

Діни экстремизм идеологиясын насихаттайтын 3,2 мың материал бұғатталды. 

"Жусан" операциясы: 144 әйел радикалды көзқарасынан бас тартты

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева дін саласы туралы да сөз қозғады. 

Министрдің сөзінше биыл ведомство осы бағытта алдына 3 өзара байланысты міндет қойған. Олар: халық арасына зайырлы мемлекет құндылықтарын насихаттау, дінаралық келісімді сақтау, діни экстремизмді болдырмау.  

"Бұларды жүзеге асыру үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, деструктивті діни көзқарастағы азаматтарды райынан қайтару және интернет арқылы діни экстремизм идеологиясына қарсы жұмыстар сынды шаралар қарастырылған. 2019 жылы ақпараттық-түсіндіру топтарының күшімен 3 млн-ға жуық адамды қамтыған 50 мыңнан аса іс-шара өтті. Дін саласы бойынша көпшілікті толғандырған сауалдарға жедел жауап беру үшін 300 адамнан тұратын білікті лекторлар тобы құрылды. Осы жылы біз бұл топтардағы мамандардың санын 500-ге дейін арттырып, 1200 лекторды қайта даярлықтан өткізуді жоспарлап отырмыз", – деген министр Жусан операциясымен елге оралған қыз-келіншектерге тоқталды. 

"Жусан операциясы аясында террористік белсенділік аймағынан қайтарылған 163 әйелді қайта әлеуметтендіру бойынша кешенді алдын алу жұмыстарын жүргізуге ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда олардың 144-і радикалды діни көзқарастардан бас тартты, ал кейбіреулері зайырлы өмір салтына толығымен көшті", – деді министр. 

Сонымен қатар министрлік 2019 жылы діни экстремизм идеологиясын қарсы насихаттау аясында 5,3 мыңнан астам интернет-ресурстардың мазмұны талдаған. Оның 3,2 мыңы заңға қарсы сипаттағы материалдарды қамтығандықтан, дер кезінде бұғатталған.

Құралай Құдайберген 
Фото: nuz.uz

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу