Жуырда Ақтөбе облысындағы екі ауылдың тұрғындары баспаналы болады

163

Бүгінде мердігерлер тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. 

Жуырда Ақтөбе облысындағы екі ауылдың тұрғындары баспаналы болады Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе өңіріндегі Ойыл ауданының Қаратал және Темір ауданының Құмсай ауылдарының тұрғындары келесі айда қоныстойын тойламақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бүгінде Қаратал ауылы үлкен құрылыс алаңына айналды. Арнайы техникаларды, жаңа үйлер салып жатқан жұмысшыларды, әлеуметтік инфрақұрылымдарды кез келген жерден көруге болады. Мердігерлер күні-түні жұмыс істеп, ауыл тұрғындарының баспаналы болуына бар күштерін жұмсауда.

Көктемгі су тасқыны айтарлықтай шығын келтірді: Қаратал ауылында 210 үй зақымданды, сонымен қатар маңызды әлеуметтік нысандар — Мәдениет үйі, балабақша және кітапхана суға кетті.

Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық округтің әкімі Нұрлыбек Шәуменов алдағы күндері құрылыс бригадалары жаңа балабақшаның құрылысын бастайтынын, одан кейін Мәдениет үйі мен кітапхананың құрылысы басталатынын айтты.

Жергілікті тұрғындар құрылыс жұмыстарының аяқталуын асыға күтуде. Әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру ауылға әдеттегі өмір ырғағын қайтарып қана қоймай, халықтың білім алуына, мәдени дамуы мен бос уақытын өткізуіне қажетті жағдай жасау арқылы өмір сүру сапасын жақсартады.

Күндіз-түні ауыл тұрғындары 132 тұрғын үйдің құрылысын бақылауда. Жергілікті тұрғындар Рахметолла Тағанов пен Руслан Жұмағұлов құрылыс жұмыстары сапалы әрі қарқынды жүріп жатқанын айтады.

Қаратал ауылындағы құрылыс жұмыстарына бүгінде 11 мердігер компания жауапты. Олар 120 үйдің қабырғасын тұрғызып, 65 үйдің шатырын жауып, 30 үйде әрлеу жұмыстарын жүргізуде.

Нұрлыбек Шәуменовтің айтуынша, қыркүйекке дейін барлық үй пайдалануға беріледі. Айта кету керек, ауыл тұрғындары үшін нарықтан 60 үй сатып алынған. Жөндеуге жататын 18 нысан бойынша тиісті төлем төленген.

Тұрғын үй құрылысына жауапты ЖШС-дан 55 адам мен бес техника жұмылдырылған. Компания өкілі Бауыржан Нұрғалиев 10 тамызда ауыл тұрғындары қоныстойын тойлайды деп отыр. Келесі айдың ортасына қарай мердігер компания өкілі Ержан Кенжебаев 28 үйді пайдалануға беруге уәде беріп отыр.

"Біз құрылыс жұмыстарын 30 мамырда бастадық, жиырма сегіз үй салып жатырмыз. Жиырма бес үйде әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. 15 тамызда барлық жұмысты аяқтап, нысандарды тапсырамыз", — дейді Ержан Кенжебаев.

Қазір бар қарқынмен жұмыс істеп жатқан тағы бір компания өкілі Нұрлан Қонақбаевтың айтуынша, серіктестік әрқайсысының ауданы 80 шаршы метр болатын жеті үйдің құрылысын 25 мамырда бастаған. Қазірдің өзінде төрт үйде әрлеу жұмыстары жүріп жатыр.

Василий Ерназаров Темір ауданы Құмсай ауылында туып-өскен. Ол биылғыдай су тасқынын көрмепті, бұрын су ауылдың шетіне жақындап, тез қайтады екен. Бірақ биылғы көктемде апат ауылға айтарлықтай шығын әкелген. Атап айтсақ, 46 тұрғын үй су астында қалған. Осы сәттен бастап барлық күш су тасқынының зардабын жоюға бағытталды. Бүгінде сатып алынған 18 үйге құмсайлықтар қоныстанды (Құмсай, Шұбарқұдық, Сарыкөл және Кеңқияқ ауылдарында), 7 үй күрделі жөндеуден өткен.

Ерназаровтар отбасы осыдан 20 күн бұрын қоныс тойын тойлады. Оларға мемлекет барлық қажетті өтемақы төлеп, баспана сатып алып берді. Аумағы 153 шаршы метр болатын бес бөлмелі үйді Ерназар өзі таңдап, ауыл әкімдігі құжаттарын рәсімдеуге көмектескен. Сондай-ақ оның ауылдасы Жалғас Мүсірепов те үлкен үйге өз таңдауымен қоныстанған.

Бүгінде Құмсайда 21 үйдің құрылысын екі мердігер жүргізуде. 19 үйдің шатыры қайта жабылса, алтауында ішкі құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Компанияның учаске меңгерушісі Дархан Жігітовтің айтуынша, серіктестік 11 үйдің құрылысын жүргізіп жатыр. Әрқайсысының ауданы — 80 шаршы метр. Құрылыс жұмыстарына 30 адам жұмылдырылған.

 

Ал тағы бір мекеменің бригадирі Серік Жалай 15 тамызға дейін он үй пайдалануға берілетінін жеткізді. Кәсіпорын құрылыс материалдарына қатысты еш қиындық көрмеген, қазір мұнда 40 адам тынымсыз жұмыс істеуде.

Сарыкөл ауылдық округінің әкімі Мәди Шүйіншалин жергілікті тұрғындардың жаңа ғимараттарда әрлеу жұмыстарымен айналысып жатқанын хабарлады.

"Жұмыс күндіз-түні жалғасуда. Біз күнделікті жұмыс барысын бақылаймыз. Жұмысшылар мен құрылыс материалдарына қатысты мәселе жоқ. Тамыз айында электр қуатын, суды, газды беріп, тұрғындарға кілттерді тапсырамыз", — дейді Мәди Шүйіншалин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу