Жүз жасаған журналист Қасым-Жомарт Тоқаевқа кітап сыйлады

1309

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ардагер журналист Ханымбүбі Ақжолованы 100 жылдығымен құттықтап, мерейтой иесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатын табыстады, деп хабарлайды inbusiness.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Жүз жасаған журналист Қасым-Жомарт Тоқаевқа кітап сыйлады

"Сіз ғибратты ғұмыр жолыңыздың бүгінгі бір ғасырлық белесіне үлкенге де, жасқа да үлгі болатын адами биік болмысыңызбен жетіп отырсыз. Отандық баспасөз саласында көп жыл қажырлы қызмет етіп, еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға орасан зор еңбек сіңірдіңіз. Ел игілігі үшін атқарған жемісті жұмысыңыз үшін Сізге алғысымды білдіріп, 100 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Деніңізге саулық, әулетіңізге амандық тілеймін", – деп жазылған Президенттің алғыс хатында. 

Ханымбүбі Ақжолова Мемлекет басшысының құттықтауына ризашылығын білдіріп, "Бір ғасыр биігінде" атты жаңа кітапты Президентке табыстауды аманаттады. 
Ханымбүбі Ақжолова Алматы облысында дүниеге келген. Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, ардагер журналист. Ол 1944 жылы ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түсіп, әдебиеттанушы, профессор Мүсілім Базарбаев, атақты ғалым, жазушы-журналист Мұқан Мамажанов, жазушы Кемел Тоқаев сынды болашақ танымал тұлғалармен қатар оқыған. 
1949 жылы білім ордасын қызыл дипломмен тәмамдап, бұрынғы "Социалистік Қазақстан" қазіргі "Егемен Қазақстан" республикалық газетінде ұзақ жылдар бойы еңбек еткен. Кейін туған жеріне оралып, Жамбыл аудандық "Большевиктік жол" ("Екпінді еңбек") газетіне редактор болып жұмыс істеген. 1971 жылы зейнет жасына жетіп, "Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері" құрметті атағын иеленген. Бүгінде Алматы облысының құрметті азаматы.

Қанат Махамбет 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу