Отырыс барысында жобалық офис биылға арналған жоспарларды талқылап, сондай-ақ келесі жылға арналған рәсімдерді келісуге және жобаларды қалыптастыруға кірісті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бүгінгі таңда ұлттық жобаға қатысуға коммуналдық кәсіпорындар тарапынан жоғары қызығушылық байқалады. Қазірдің өзінде 101 кәсіпорын 439 жобаны жүзеге асыруға өтінім берді. 34 жоба жүзеге асырылу сатысында, тағы 65 жоба бастауға дайын.
Вице-премьер сәуір-мамыр айларында жөндеу жұмыстарының белсенді кезеңіне өтуіне байланысты техникалық оператормен бірлесіп, Ұлттық жобаның жоспар-кестесінің орындалуына мониторинг жүргізуді ерекше бақылауға алуды тапсырды.
– Жоспар-кестеде желілердің ұзындығы параметрлерін және әр өңір мен инфрақұрылым бағыты бойынша қаржыландыру көлемдерін қоса алғанда, нақты міндеттер мен көрсеткіштер көзделген. 2026 жылы жылумен жабдықтауда тозу деңгейін 48%-ға дейін, электрмен жабдықтауда 62%-ға дейін, сумен жабдықтауда 37%-ға дейін, су бұруда 49%-ға дейін төмендетуге қол жеткізуіміз керек. Сондай-ақ жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу қарастырылған. Сондықтан жоспар-кестені қатаң сақтауға тиіспіз, - деді Қанат Бозымбаев.
Вице-премьер өңір әкімдіктеріне "қызыл аймақта" тұрған кәсіпорындармен жұмысты жеделдетуді тапсырды. Қазіргі уақытта ұлттық жобаға шамамен 54 осындай субъект кіреді.
Отырыс барысында кәріздік-тазарту құрылыстарын (КТҚ) жаңғыртуға ерекше назар аударылды. Ұлттық жоба аясында 36 КТҚ қамтылған. Оларды қаржыландыру тетіктері талқыланды: жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздары есебінен де, халықаралық қаржы институттарының қаражатын тарту арқылы да. КТҚ жобаларын жүзеге асыру үшін, оның ішінде Дүниежүзілік банкпен жұмыс бағыттарын қамтитын Жол картасы бекітіледі. Әкімдіктерге, техникалық және қаржылық операторларға тиісті тапсырмалар берілді.
Қанат Бозымбаев ЭКСЖ шеңберінде жүзеге асырылатын барлық жобаларды уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. "Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингінің деректері бойынша жалпы құны 148 млрд теңге болатын 76 жоба қаралды.
Ұлттық жоба аясындағы негізгі кредиторлардың бірі – Қазақстанның Даму банкі. Қазіргі уақытта банктік сараптаманың әртүрлі кезеңдерінде 14 коммуналдық кәсіпорынның жалпы жобалық құны шамамен 375 млрд теңгені құрайтын кредиттік өтінімдері қаралуда. Қаржыландырудың тағы бір көзі – мемлекеттік бағалы қағаздар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ұлттық жоба шеңберінде 15 жобаны жүзеге асыру үшін 29,3 млрд теңгеге жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздары сатып алынды. Биыл осы жобаларды аяқтауға қосымша 26 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр.
Ұлттық жобаны үздіксіз жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін Қанат Бозымбаев ЭКСЖ-нің сатып алулар бойынша электрондық платформасын жетілдіруді тапсырды. Сондай-ақ салалық ведомстволарға есепке алу құрылғыларына қатысты бірыңғай стандарттарды қабылдауды жеделдету және биыл жазда іске қосылады деп жоспарланып отырған Smart Turmys ақпараттық жүйесін енгізу тапсырылды.