Жыл басталғалы ел аумағында 340 келіден астам есірткі тәркіленді

989

Жыл басынан бері республика аумағында заңсыз айналымнан 340 келіден астам есірткі алынды, деп хабарлайды Polisia.kz сайты.  

Жыл басталғалы ел аумағында 340 келіден астам есірткі тәркіленді

Биылғы қаңтар айында еліміздің бірқатар өңірінде өткізілген іс-шаралар барысында аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын сақтау фактілері бойынша 90-ға жуық қылмыс анықталды, оның ішінде 59-ы есірткіні сату, 28-і сақтау және 6-ауы контрабанда дерегі болып табылады.

Заңсыз айналымнан алынған есірткі құралдарының жалпы салмағы 340 келіні құрады, оның ішінде 77 келі гашиш және 600 гр героин бар.

Мысалы, Ақтөбе облысында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының "Бүркіт" арнайы мақсаттағы жасағымен бірлесіп, ұзақ уақыт марихуана және гашиш тасымалдаумен, сақтаумен және өткізумен айналысып келген қылмыстық топ ұсталды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ұсталғандар мініп жүрген автомашиналардан, олардың тұрғылықты жерлерінен 180 келіге жуық марихуана және 10 келі гашиш алынды.

Ал Жамбыл және Қостанай облыстарында полицейлер облыс тұрғындарын ұстап, олардан 10 және 5 келіден гашиш табылып, алынды.

Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында аса ірі мөлшерде марихуана сақтағаны үшін ұсталған ШҚО Алғабас ауылының 49 жастағы тұрғынынан 25 келі марихуана, ал Шу қаласының тұрғынынан 10 келі кептірілген марихуана мен 17,5 келі марихуана дәндері табылды. Жамбыл облысының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" тас жолының 260-шақырымында Алматы қаласының тұрғыны басқарып келе жатқан жеңіл көлікті тоқтатқан. Автомашинаны тінту барысында оның жүксалғышынан 48 келі гашиш салынған екі сөмке табылды. Бұдан бөлек, Қордай ауылының бұрын сотты болған тұрғынынан 570 гр героин тәркіленді.

Өскеменде ақпараттық ресурстарды қолдану арқылы синтетикалық есірткілер сату арнасының жолы кесілді. Атап айтқанда 20 жастағы облыс орталығының тұрғыны есірткіні өзі буып-түйіп, белгілі бір жерлерге жасырып кету арқылы сатумен айналысқан. Оның тұрғылықты жері бойынша тінту барысында буып-түюге және психотропты заттарды өлшеуге арналған құрылғылар, атап айтқанда электронды таразы, пакеттер, өлшеуіш қасық және ыдыс, қызғылт түсті изолента, фольга орамы, сондай-ақ салмағы 200 гр болатын психотропты заттар салынған 53 пакет табылды.

Өскеменде ұсталған әйелдің айтуынша, ол психотропты заттарды Telegram қосымшасы арқылы тауып, белгілі бір жерге жасырып кету жолымен алған. Кейін оны облыс орталығында сатуды көздеген.

Айта кетсек, өткен жылы ішкі істер органдары 2144 есірткі қылмысын анықтады, оның ішінде өткізудің 1300 фактісі бар. Заңсыз айналымнан 26 тоннаға жуық есірткі алынды, соның 100 келісі – есірткінің синтетикалық түрлері. 7 есірткі зертханасы жойылды, олардан пайдалануға дайын 65 келіден астам есірткі алынды. Психобелсенді заттардың жаңа түрлерін таратудың 80 фактісі тіркелді, оның ішінде есірткі жарнамасының 138 фактісі бар. Есірткі таратумен айналысқан 850-ден астам сайт бұғатталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу