Жыл басынан бері 1,7 мыңнан аса бала қылмыстық әрекеттен зардап шеккен

796

Жыл басынан бері 1,7 мыңнан аса бала қылмыстық әрекеттен зардап шеккен

Қазақстанда балалардың мүддесін қорғайтын мемлекеттік бағдарлама қажет. Бұл мәселені мәжілісмен Зағипа Бәлиева премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында қозғады, деп хабарлайды almaty.tv.

Балалар құқығын қорғайтын маман ересектермен бірге, балалардың да көмекке зәру екендігін ұмытпаған жөн деді. Мысалы, қазіргі күні Қазақстанда 7 мың баланы мемлекет өз қамқорлығына алған. 2016 жылы 2 мың 999 баладан ата-анасы бас тартса, 817 баланы ата-анасы тастанды еткен.

"Қазақстандағы балалар құқығы жөніндегі уәкіл ретінде сіздің назарыңызды Қазақстанда балалар мүддесін қорғайтын мемлекеттік бағдарламаның жоқ екендігіне аударғым келеді. Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясына сәйкес балалардың айрықша қорғаныс пен көмекке құқықтары бар. Қазақстан Республикасының Конституциясы отбасы, ана мен балаға мемлекеттік қолдау көрсетуге кепілдік береді"",-деді ҚР мәжіліс депутаты Зағипа Бәлиева.

Депутат өз сөзінде елімізде сәбилер өлімі төмендегенімен, оның көрсеткіші көңіл көншітерлік емес деді. Балалар арасында түрлі ауруларға, мүгедектікке шалдығу деректері де жиілеген. Соңғы 5 жылда оқушылардың сырқаттануы 22 пайызға артып, мүгедек балалардың саны 81,5 мыңға жетіп отыр.

"Қараусыз қалған балалардың да саны артуда. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың көрсеткіші де өзекті күйінде қалып отыр. Жыл сайын елімізде отбасынан және балаларды тәрбиелейтін мекемелерден 200 бала қашып кетеді. Тәрбиесі қиын балаларды арнайы мекемеге әкелу деректері де арта түсуде. Қазіргі балалардың басым бөлігін ата-аналары тастап кеткен",-деді ҚР мәжіліс депутаты.

Ал, жыл басынан бері 1 мың 740 балаға қылмыстық әрекет қолданылған. Оның ішінде 248 бала жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Ал 311 бала айуандықпен өлтірілген. Сөз соңында аталмыш деректерді Бақытжан Сағынтаевқа жеткізген балалар омбудсмені олардың мүддесін қорғайтын мемлекеттік бағдарлама дайындайтын уақыт жетті деді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу